Денсаулық сақтау жаңалықтары
ТЕГІН ДӘРІ-ДӘРМЕК: КІМГЕ БЕРІЛЕДІ ЖӘНЕ ҚАЛАЙ АЛУҒА БОЛАДЫ?
Созылмалы және әлеуметтік маңызды ауруларға шалдыққан азаматтар кепілдендірілген тегін медициналық көмек (ТМККК) және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі (МӘМС) аясында тегін дәрі-дәрмек алуға құқылы. Дегенмен елімізде дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жүйесі іс жүзінде қалай жұмыс істейтінін көбі білмейді. Қордың басқарма төрағасының орынбасары Сәуле Тәжібаева бұл туралы толығырақ айтып берді.
Еліміздегі ТМККК және МӘМС жүйесі медициналық қызметтерді ғана емес, амбулаторлық және стационарлық емдеу кезінде тегін немесе жеңілдікпен берілетін дәрі-дәрмектерді қамтиды. Пациент ауруханада тәулік бойы стационарлық ем алу барысында дәрі-дәрмектерді қабылдайды.
Енді емхана деңгейінде берілетін дәрі-дәрмектерге тоқталсақ.
Белгілі бір ауруларға (жағдайлар) шалдыққан Қазақстан Республикасының азаматтарын тегін және жеңілдікпен амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге арналған арнайы дәрі-дәрмектер мен медициналық бұйымдардың тізімі бар. Ол ҚР Денсаулық сақтау министрінің 2021 жылғы 5 тамыздағы № ҚР ДСМ-75 бұйрығымен бекітілген (https://adilet.zan.kz/kaz/docs/V2100023885). Бұл тізімде аурулар мен оларға арналған дәрі-дәрмектер, дозалар және беру формалары жазылған. Сондай-ақ оларды емханадан кім тегін ала алатыны нақты көрсетілген.
Жағдайға қарай Министрлік бұйрықты арагідік қайта қарайды. Сәуле Тәжібаева атап өткендей, 2019 жылмен салыстырғанда, қазір аурулар тізімі 44-тен 84-ке дейін екі есе артқан. Ал дәрі-дәрмек пен медициналық бұйымдардың саны 1,5 есе, яғни 249-дан 372 позицияға дейін өскен.
ТМККК аясында 50 нозология бойынша 256 дәрі-дәрмек пен медициналық бұйымдар бар. Ал МӘМС жүйесінде ересектерге 13 нозология бойынша 54 дәрі-дәрмек, балаларға 21 нозология бойынша 62 дәрі-дәрмек қарастырылған.
«СК-Фармация» ЖШС дәрі-дәрмек пен медициналық бұйымдарды емханаларға жеткізумен айналысады. Айта кетерлігі, Қор «СК-Фармация» ЖШС-мен жасалған келісімшарт негізінде пациенттерге тегін берілген барлық дәрі-дәрмек пен медициналық бұйымдардың төлемін аударады. Төлемдер республикалық бюджеттен (ТМККК пакеті) және Қор активтерінен (МӘМС пакеті) түседі.