Шу қалалық емханасы

Денсаулық сақтау жаңалықтары

26.08.2025

МӘМС жүйесіндегі өзгерістер жұмыскерлерге қалай әсер етеді?

2026 жылдан бастап Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесіне енгізілетін жаңашылдықтар Қазақстандағы еңбек ұжымдарына бірқатар оң әсерін тигізбек. Бұл туралы еңбек ұжымымен кездесуде қордың облыстық филиалы өкілдері айтып берді.
✅ Онкоскрининг – барлығына тегін
Жаңа өзгерістерге сәйкес, 2026 жылдан бастап онкологиялық ауруларға скринингтік тексеру МӘМС жүйесіне қатысу мәртебесіне қарамастан, елдегі барлық азаматтар үшін тегін жүргізіледі. Бұл жаңалық әсіресе жұмысшылар үшін маңызды, өйткені алдын ала тексеру арқылы аурудың ерте кезеңінде анықталуына және денсаулықты сақтауға мүмкіндік артады.
✅ Сақтандырылған мәртебе — 6 ай сақталады
МӘМС жарнасын кемінде бес жыл қатарынан төлеген азаматтар үшін сақтандырылған мәртебе 6 айға дейін сақталады. Бұған дейін бұл мерзім тек 3 айды құрайтын. Бұл өзгеріс жұмыстан уақытша айырылған немесе жаңа жұмыс іздеу үстінде жүрген қызметкерлер үшін маңызды көмек болмақ.
✅ Жұмыссыздарға — жергілікті бюджет есебінен көмек
Кездесу барысында қор филиалы директорының орынбасары Нұрлан Дәрменқұлов келесі жылдан бастап табысы аз азаматтар мен ресми жұмыссыздар үшін МӘМС жарнасы жергілікті бюджеттен төленетінін айтты.
Бұл өзгеріс жұмыссыз жүрген азаматтардың медициналық көмектен шет қалмауына мүмкіндік береді.
Нұрлан Қабылұлы сондай-ақ, МӘМС жарна мөлшері, медициналық қызмет түрлерінің кеңеюі, тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету мәселелері туралы да түсіндіріп берді.

Бас дәрігерінің міндетін атқарушы

Инкарбекова Гаухар Меркибековна Сәлемдесу