Шу қалалық емханасы

Денсаулық сақтау жаңалықтары

08.10.2025

Жалған жазбалар 17 есеге азайды

Өткен жылдан бері Қор негізгі процестердің толық цифрландырылуын жүзеге асыруда. 1 шілдеден бастап бақылау жүйесі сынақ режимінде іске қосылды. Нәтижесінде, автоматты түрде ақауларды анықтаудың дәлдігі 4 есе артты. Бұл туралы Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының басқарма төрағасы Айдын Құлсейітов бүгінгі Үкімет отырысында хабарлады.
«Ең маңыздысы – үдеріске адамдар ықпал ете алмайды (эксперттер мен филиалдар), бұл тексерулердің объективтілігін қамтамасыз етті. Экстерриториалдық қарау принциптері енгізілді және Қор қаражатының мақсатсыз жұмсалуын болдырмау үшін жалған көрсеткіштерді автоматты түрде анықтау жүйесі іске қосылды», – деп атап өтті Құлсейітов.
Бақылау сапасын арттыру мақсатында Қор жалған жазбаларды және басқа да ақауларды анықтау алгоритмдерін үздіксіз жетілдіруді жоспарлап отыр. Спикер атап өткендей, осы жылдың қыркүйек айында тек үш жаңа формалды-логикалық бақылауды енгізу 502 миллион теңгені құрайтын бұзушылықтарды анықтауға мүмкіндік берді. Қазір формалды-логикалық бақылау жиынтығын кеңейту жұмысы жалғасуда.
Жаңа мониторинг жүйесін енгізгеннен кейін жалған жазбаларды анықтау көрсеткіші өткен жылмен салыстырғанда 19 есе өсті (бұрын олардың басым бөлігі Қордың бақылауынан тыс қалып келді). Бұдан бөлек, жүйе іске қосылғаннан бері жалған жазбалардың саны 17 есе азайды.
«Қордың автоматтандырылған бақылау жүйесі медициналық ұйымдардағы тәртіпті қалай жедел арттырғанын айқын көрсетеді. Маусым айында пилоттық режимдегі жалған жазбалары бар медицина ұйымдарының үлесі 44% болса, тамыз айына қарай бұл көрсеткіш 18%-ға дейін күрт төмендеді. Әсіресе ірі бұзушылықтар санатындағы нәтижеге зер салсақ, маусымда 43 ұйым 200 АЕК-тен асатын жалған тіркеулерге жол берсе, тамызда олардың саны нөлге дейін қысқарды. Бұл динамика цифрлық мониторингтің бұзушылықтарды болдырмау мен қаражатты мақсатты пайдалануды қамтамасыз етудегі ең тиімді құрал екенін көрсетеді. Нәтижесінде бұл шаралар халыққа көрсетілетін медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін тікелей арттырады», – деді Қор басшысы.

Бас дәрігерінің міндетін атқарушы

Инкарбекова Гаухар Меркибековна Сәлемдесу