Шу қалалық емханасы
Денсаулық сақтау жаңалықтары
09.01.2026
МӘМС жүйесінде не өзгерді?
2026 жылғы 1 қаңтардан бастап елімізде медициналық көмек пакеттеріне және оны көрсету тәртібіне қатысты бірқатар маңызды өзгерістер күшіне енді. Жаңа талаптарға сәйкес, әлеуметтік маңызы бар аурулар бойынша диагностика, бақылау және емдеу тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі аясында көрсетіледі. Ал созылмалы аурулары бар азаматтарға медициналық көмек міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі арқылы ұсынылады.
Аталған өзгерістер Мемлекет басшысының 2024 жылғы Жолдауында жүктелген міндеттерді орындау аясында енгізіліп отыр. Президенттің тапсырмасына сәйкес, бюджет мүмкіндіктерімен теңгерілген және азаматтарға қажетті медициналық қызметтердің қолжетімділігін қамтамасыз ететін бірыңғай базалық мемлекеттік медициналық көмек пакетін қалыптастыру көзделген. Осы бағытта бір жыл бойы кешенді жұмыс жүргізіліп, 2025 жылдың шілде айында Мемлекет басшысы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі мен медициналық қызметтер көрсетуге қатысты өзгерістер мен толықтыруларды көздейтін заңға қол қойды. Заң нормаларының бір бөлігі 2025 жылдан бастап күшіне енсе, әлеуметтік маңызы бар және созылмалы аурулар тізбесіне қатысты өзгерістер 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді.
Жаңа тәртіпке сәйкес, ең маңызды өзгерістердің бірі – әлеуметтік маңызы бар ауруға күдік туған жағдайда қажетті тексерулер азаматтың сақтандыру мәртебесіне қарамастан тағайындалуы. Бұған дейін мұндай мүмкіндік тек туберкулез немесе АИТВ инфекциясына күдік болғанда ғана қарастырылатын. Ал қатерлі ісік немесе бауыр циррозы қаупі анықталған жағдайда тексерулер тек сақтандырылған азаматтарға ғана жүргізіліп келген, себебі бұл қызметтер міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру пакетіне кірді.
Биылдан бастап туберкулез, АИТВ инфекциясы, қатерлі ісіктер, созылмалы вирустық гепатиттер мен бауыр циррозы, психикалық және мінез-құлықтық бұзылыстар, орфандық аурулар, жүйке жүйесінің дегенеративті аурулары, орталық жүйке жүйесінің демиелинизациялаушы аурулары, эпилепсия, жедел миокард инфаркті алғашқы алты ай ішінде, сондай-ақ инсульт бір жыл көлемінде тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі аясында тексеріліп, емделеді.







