Шу қалалық емханасы
Денсаулық сақтау жаңалықтары
16.01.2026
Ана мен бала МӘМС жүйесінің қорғауында
Таразда «Әйел саулығы – отбасы бақыты!» форумы өтті. Іс-шара барысында Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесінің әйелдер мен отбасылар үшін маңызы кеңінен талқыланды.
Форумда «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Жамбыл облысы бойынша филиалы директорының орынбасары Нұрлан Дәрменкұлов баяндама жасап, МӘМС есебінен денсаулық сақтау саласын қаржыландыру көлемінің айтарлықтай артқанын атап өтті. Оның айтуынша, бұл медициналық көмектің қолжетімділігін, сапасын және уақытылы көрсетілуін жақсартуға мүмкіндік беріп отыр.
Сондай-ақ ана мен баланы қорғау бағытында тегін медициналық тексерулер, консультациялар мен ем алу мүмкіндіктері кеңейгені және МӘМС заңына енгізілген өзгерістер кеңінен айтылды.
«Қолданыстағы заңнамаға сәйкес жүкті әйелдер, 18 жасқа дейінгі балалар, сондай-ақ көпбалалы “Күміс алқа” және “Алтын алқа” иегерлері үшін МӘМС жарналарын мемлекет төлейді. Ана мен бала денсаулығы әрқашан қорғауда», – деп атап өтті ол.
Форум барысында өзге спикерлер де өз салалары бойынша ақпарат ұсынды. Атап айтқанда, пациенттердің құқықтарын қорғау, отбасылық және тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, зорлық-зомбылық құрбандарына кешенді көмек көрсету, сондай-ақ психологиялық қолдау мен емдеудің заманауи тәсілдері сөз болды.
Іс-шара әйелдер денсаулығын сақтау, отбасылық әл-ауқатты арттыру және МӘМС жүйесінің маңызын түсіндіру бағытындағы маңызды диалог алаңына айналды.







