Шу қалалық емханасы

Денсаулық сақтау жаңалықтары

16.02.2026

МӘМС арқылы жекеменшік клиникаларда ем алуға бола ма?

«Эскулап» емдеу орталығының бас дәрігерінің ұйымдастыру-әдістемелік жұмыстар жөніндегі орынбасары Гүлзада Абаева орталықта міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесі аясында тұрғындарға ұсынылатын қызмет түрлері туралы айтып өтті.
МӘМС жүйесі енгізілгеннен бері жамбылдықтар медициналық көмекті тек мемлекеттік мекемелерден ғана емес, сонымен қатар жекеменшік клиникалардан да алу мүмкіндігіне ие. Бұл – сақтандыру жүйесінің басты артықшылықтарының бірі.
Пациент тіркелген емханасы арқылы МӘМС аясында қызмет көрсететін кез келген медициналық ұйымға жолдама ала алады. Мұндай жағдайда азамат медициналық қызмет үшін ақы төлемейді, себебі шығындар Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры есебінен өтеледі.
Егер тіркелген емханада қажетті бейінді маман болмаса немесе диагностика жүргізуге арналған жабдық жеткіліксіз болса, пациент басқа клиникаға жіберіледі. Мысалы, кейбір учаскелік емханаларда тұрғындар саны аз болғандықтан тар бейінді дәрігерлер жұмыс істемейді немесе УДЗ, рентген сияқты құрылғылар қарастырылмаған. Осындай жағдайда тұрғындар келісім бойынша жұмыс істейтін медициналық ұйымдарға жолданады.
Сонымен қатар емханада маман мен құрал-жабдық болғанымен, қабылдауға жазылу бірнеше айға созылып кетсе, бұл тетік тағы да қолданылады. Дәрігердің еңбек демалысына шығуы немесе аппараттың уақытша істен шығуы кезінде де пациент балама клиникаға жолдама сұрай алады.
Айта кету керек, пациент тек Қордың жеткізушілер базасына енгізілген жекеменшік клиникаларға ғана жіберіледі. Бұл үшін тіркелген емхананың алдын ала келісімшарт жасауы міндетті емес – жолдама берілген сәтте ақпараттық жүйе арқылы келісім автоматты түрде рәсімделеді.
Жекеменшік клиникаларда тұрғындар консультативтік және диагностикалық қызметтермен қатар, күндізгі немесе тәулік бойы стационарда емделуге, сондай-ақ МӘМС пакетіне кіретін операциялық көмекті алуға мүмкіндік алады.
Еске сала кетейік, МӘМС бойынша медициналық қызмет алу үшін азаматтың сақтандырылған мәртебесі болуы қажет.

Бас дәрігер

Инкарбекова Гаухар Меркибековна Сәлемдесу