Шу қалалық емханасы
Денсаулық сақтау жаңалықтары
16.04.2026
Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы (КҚГҚ) — аса қауіпті вирустық жұқпалы ауру. Бұл дертті Nairovirus тобына жататын вирус тудырады. Ауру көбіне ауыр түрде өтеді және дер кезінде емделмесе, адам өміріне қауіп төндіруі мүмкін.
Аурудың негізгі тасымалдаушылары — кенелер. Адамға вирус кене шаққан кезде немесе ауру малдың қанымен, тіндерімен байланыс барысында жұғады. Сондай-ақ науқас адаммен тікелей байланыс кезінде (қан, биологиялық сұйықтықтар арқылы) жұғу қаупі бар.
Аурудың алғашқы белгілері кенеттен басталады: дене қызуының көтерілуі, қатты бас ауруы, әлсіздік, бұлшық еттердің ауруы байқалады. Кейінірек мұрыннан, қызыл иектен қан кету, денеде көгерулер пайда болуы мүмкін.
Конго-Қырым қызбасы күдік тудырған жағдайда дереу дәрігерге қаралу қажет. Ерте анықталып, уақтылы ем қолданылса, асқынулардың алдын алуға болады. Науқастар міндетті түрде жұқпалы аурулар бөлімінде емделеді.
Аурудың алдын алу үшін табиғатта жүргенде жабық киім киіп, денені толық жабу, кенеден қорғайтын арнайы құралдарды пайдалану керек. Малмен жұмыс істегенде сақтық шараларын сақтап, жеке қорғаныш құралдарын қолдану маңызды.
Өз денсаулығыңызды қорғау үшін сақ болыңыз! Кене шаққан жағдайда өз бетіңізше ем қолданбай, міндетті түрде медициналық көмекке жүгініңіз.







