Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Айжан Есмағамбетованың төрағалығымен халықты Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесіне тарту мәселелеріне арналған өңірлік штабтың кезекті отырысы өтті.
Жиынға Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Жамбыл облысы бойынша филиалының директоры Ғайни Аймағанбетова, облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Лаура Отарбаева, Тараз қаласындағы мемлекеттік мекемелердің басшылары мен өкілдері, сондай-ақ аудан әкімдерінің орынбасарлары мен денсаулық сақтау ұйымдарының жетекшілері онлайн форматта қатысты.
Отырыста Қор филиалының директоры Ғайни Аймағанбетова өңірдегі МӘМС жүйесінің қазіргі ахуалы мен халықты сақтандыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндама жасады.
Оның айтуынша, бүгінде облыста 980 965 адам сақтандырылған. Бұл өңір халқының 83,5 пайызын құрайды. Ал сақтандырылмаған азаматтар саны 193 268 адамға жеткен. Сақтандырылмағандардың басым бөлігі Қордай, Меркі, Шу, Жуалы аудандары мен Тараз қаласында тіркелген.
– Облыс бойынша сақтандырылмаған азаматтар жұмыс істейтін ТОП-100 мекеменің тізімі жасалды. Талдау нәтижесінде маусымдық жұмысшылар, ақысыз еңбек демалысына шыққан қызметкерлер және білім саласындағы еңбек демалысындағы мамандар үшін әлеуметтік төлемдердің уақытылы аударылмауы олардың МӘМС жүйесіндегі мәртебесінен айырылуына себеп болғаны анықталды, – деді филиал басшысы.
Осыған байланысты Айжан Есмағамбетова жұмыс берушілерге қызметкерлер үшін әлеуметтік төлемдерді уақытылы аударудың маңыздылығын атап өтіп, мекеме басшыларымен түсіндіру жұмыстарын жүргізуді, тұрақты мониторинг ұйымдастыруды және атқарылған жұмыстар туралы Қор филиалына ақпарат беруді тапсырды.
Сондай-ақ, Ғайни Аймағанбетова Жуалы ауданында жүргізілген зерделеу жұмыстарының нәтижесі туралы айтты. Оның айтуынша, аудан бойынша Қор құрылған уақыттан бері МӘМС жүйесіне бірде-бір төлем жасамаған 3 133 азамат анықталған.
Жиын қорытындысында Айжан Есмағамбетова жергілікті атқарушы органдар жарна төлейтін D және E санатындағы, «Отбасы картасына» енгізілген азаматтардың нақты санын анықтауды тапсырды. Сонымен қатар, аудан әкімдірінің орынбасарларына ТОП-100 мекеме қызметкерлерімен және МӘМС жүйесіне мүлде төлем жасамаған азаматтармен жұмысты күшейтуді және жеке кісіпкер болып тіркелген, алайда, уақытылы жарнамаларды төлемеген азаматтарды анықтап, олардың тізімін Салық органдарына берді тапсырды.
Айжан Серікбайқызы өңірлік штаб отырысында берілген тапсырмалардың орындалу барысы бір айдан кейін қайта қаралатынын айтты. Осыған орай аудан әкімдерінің орынбасарларына шілде айына дейін толық зерделеу жұмыстарын жүргізу жүктеді.