Шу қалалық емханасы

Денсаулық сақтау жаңалықтары

09.07.2026

Ана сүтімен емізу

Ана сүтімен емізу – жаңа туған нәресте үшін ең пайдалы әрі табиғи қоректендіру тәсілі. Ана сүті баланың өмірінің алғашқы айларында барлық қажетті дәрумендермен, минералдармен, ақуыздармен және иммундық қорғаныс заттарымен қамтамасыз етеді. Сондықтан дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы нәрестені өмірінің алғашқы 6 айында тек ана сүтімен қоректендіруді, ал қосымша тағам енгізілгеннен кейін емізуді 2 жасқа дейін немесе одан да ұзақ уақыт жалғастыруды ұсынады.
Ана сүті баланың иммунитетін күшейтіп, жұқпалы аурулардың, тыныс алу жолдары инфекцияларының, ішек ауруларының және аллергиялық реакциялардың даму қаупін азайтады. Сонымен қатар, емшекпен қоректенген балалардың ақыл-ойы мен жүйке жүйесінің дамуы жақсырақ болып, олардың денсаулығы ұзақ мерзімді перспективада мықтырақ қалыптасады.
Емшекпен емізудің ана денсаулығына да пайдасы зор. Ол босанғаннан кейін жатырдың тез қалпына келуіне ықпал етеді, босанудан кейінгі қан кету қаупін төмендетеді және сүт безі мен аналық без обырының даму қаупін азайтады. Сондай-ақ ана мен бала арасындағы эмоционалдық байланысты нығайтып, нәрестенің өзін қауіпсіз әрі жайлы сезінуіне көмектеседі.
Емізу кезінде ана дұрыс әрі теңгерімді тамақтанып, жеткілікті сұйықтық ішіп, демалыс режимін сақтауы қажет. Емшек сүті – әрбір нәрестеге берілетін ең құнды әрі табиғи сый. Сондықтан жас аналарды емшекпен емізуді қолдауға және жалғастыруға шақырамыз.

Бас дәрігер

Инкарбекова Гаухар Меркибековна Сәлемдесу