Шу қалалық емханасы

МӘМС

14.08.2026

Пациент мүддесі – медициналық ұйым жұмысының басты міндеті

Қазіргі таңда медициналық ұйымдардың басты міндеттерінің бірі – пациентке сапалы әрі қолжетімді медициналық көмек көрсету. Бұл ретте медициналық қызметтің сапасымен қатар, пациенттердің құқықтарын сақтау, олардың өтініштері мен пікірлеріне назар аудару және халықпен тиімді коммуникация орнату маңызды.
Осы бағытта Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры Жамбыл облысы бойынша филиалы директорының орынбасары Нұрлан Дәрменқұлов пен Халықты ақпараттандыру және өтініштерді қарау бөлімінің басшысы Дәурен Бурханов Тараз қаласындағы «Almaz Medical Group» ЖШС емханасында, «Zhanshuak Medical Group» ЖШС-де және «Садыхан» облыстық консультативтік-диагностикалық медициналық орталығы ЖШС-де медицина қызметкерлерімен кездесу өткізді.
Кездесу барысында пациентке бағытталған қызмет көрсету, скринингтік зерттеулерді ұйымдастыру, медициналық ұйымдардағы репутациялық менеджмент және Пациенттерді қолдау қызметінің жұмысы талқыланды.
Нұрлан Дәрменқұлов медицина қызметкерлеріне скринингтік зерттеулерден өтуге жататын нысаналы топтар, сондай-ақ скринингтік зерттеулерді жүргізу қағидалары, көлемі мен мерзімділігіне енгізілген өзгерістер туралы түсіндірді.
«Скринингтік зерттеулер ауруларды ерте анықтап, дер кезінде медициналық көмек көрсетуге мүмкіндік береді. Сондықтан нысаналы топқа кіретін азаматтарды скринингтен уақытылы өткізу және зерттеулердің сапалы ұйымдастырылуы маңызды», – деді Нұрлан Дәрменқұлов.
Ал Дәурен Бурханов кездесу қатысушыларына репутациялық менеджмент пен Пациенттерді қолдау қызметінің маңызы туралы кеңінен баяндады.
Оның айтуынша, медициналық ұйымның беделі ең алдымен пациенттердің сенімі арқылы қалыптасады. Қызмет көрсету мәдениеті, медицина қызметкерлерінің пациенттермен қарым-қатынасы және олардың пікіріне көңіл бөлу ұйымның оң имиджін қалыптастыруға ықпал етеді.
Сонымен қатар медициналық ұйымдардағы Пациенттерді қолдау қызметі азаматтардың өтініштері мен мәселелерін қарастырып, олардың құқықтарының сақталуына ықпал етеді. Тиімді кері байланыс медициналық қызмет көрсету сапасын арттыруға және пациенттердің медициналық ұйымға деген сенімін нығайтуға мүмкіндік береді.
Кездесуде аталған бағыттардың барлығы пациентке бағдарланған медициналық көмектің маңызды құрамдас бөлігі екені атап өтілді. Жиын соңында спикерлер медицина қызметкерлерінің сұрақтарына жауап беріп, өзара пікір алмасты.
Айта кетейік, мұндай кездесулер алдағы уақытта да басқа да медициналық ұйымдарда өз жалғасын табатын болады.

Бас дәрігер

Инкарбекова Гаухар Меркибековна Сәлемдесу