Шу қалалық емханасы

Денсаулық сақтау жаңалықтары

12.08.2026

Ана сүті – бала денсаулығының негізі

Ана сүті – нәрестенің алғашқы айларындағы ең құнды әрі табиғи тағамы. Оның құрамында баланың өсуі мен дамуына қажетті ақуыз, май, көмірсу, дәрумендер, минералдар және иммундық қорғанысты қалыптастыратын биологиялық белсенді заттар бар.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы нәрестені туғаннан кейінгі алғашқы бір сағат ішінде емізуді бастап, алғашқы 6 айда баланы тек ана сүтімен қоректендіруді ұсынады. 6 айдан кейін қосымша тағам енгізіле отырып, емізуді 2 жасқа дейін немесе одан да ұзақ жалғастыруға болады.
Ана сүтінің балаға пайдасы:
• нәрестенің иммунитетін нығайтуға көмектеседі;
• жұқпалы аурулардан қорғанысын арттырады;
• баланың дұрыс өсуі мен миының дамуына қажетті қоректік заттармен қамтамасыз етеді;
• ас қорыту жүйесіне жеңіл сіңеді;
• ана мен бала арасындағы эмоционалдық байланысты күшейтеді.
Емшекпен емізудің ана үшін де пайдасы зор. Ол босанғаннан кейін жатырдың жиырылуына ықпал етеді, ана мен бала арасындағы жақындықты арттырады және ана денсаулығын сақтауға оң әсер етеді.
Баланы емізу кезінде арнайы қатаң диета ұстанудың қажеті жоқ. Ана дұрыс әрі құнарлы тамақтанып, жеткілікті сұйықтық қабылдауы, демалуға мүмкіндік табуы маңызды. Ең бастысы – баланы оның сұранысына қарай емізу және емізу техникасын дұрыс сақтау.
Егер анада сүттің жеткіліксіздігі, емізу кезінде ауырсыну, емшек ұшының жарылуы немесе бала емуден бас тарту сияқты мәселелер туындаса, өз бетінше ем қолданбай, дәрігерге немесе емшекпен қоректендіру бойынша маманға жүгінген жөн.
Есіңізде болсын: ана сүті – баланың алғашқы иммундық қорғанысы әрі табиғи қорегі. Балаңызды ана сүтімен қоректендіру – оның денсаулығына жасалған ең маңызды қамқорлықтың бірі.

Бас дәрігер

Инкарбекова Гаухар Меркибековна Сәлемдесу