Шу қалалық емханасы
МӘМС
16.10.2026
Жамбыл облысында халыққа арналған «Ашық есік күні» өтті
Жамбыл облысындағы медициналық-санитариялық алғашқы көмек (МСАК) ұйымдарында тұрғындарға арналған «Ашық есік күні» акциясы ұйымдастырылды. Іс-шараны «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Жамбыл облысы бойынша филиалы «Januya Medical Center» ЖШС медициналық орталығымен бірлесіп өткізді.
Акцияның негізгі мақсаты – халыққа сапалы әрі қолжетімді медициналық көмек көрсету, тұрғындардың денсаулығын нығайту, аурулардың алдын алу және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесі туралы ақпараттандыру.
Іс-шара барысында тұрғындар білікті дәрігерлердің қабылдауында болып, денсаулық жағдайына қатысты тегін кеңес алды. Медицина мамандары денсаулық көрсеткіштерін тексеріп, салауатты өмір салтын ұстану және аурулардың алдын алу бойынша ұсыныстар берді.
Сонымен қатар Қор филиалының бөлім басшысы Дәурен Бурханов МӘМС жүйесінің негізгі бағыттары, мүмкіндіктері мен артықшылықтары туралы кеңінен түсіндірді. Қор мамандары тұрғындарға сақтандырылған мәртебені алу жолдары, МӘМС аясында көрсетілетін медициналық қызметтер және оларды алу тәртібі жөнінде ақпарат беріп, азаматтардың сұрақтарына жауап берді.
Мұндай акциялар тұрғындардың медициналық қызметтер туралы хабардарлығын арттыруға, медициналық көмектің қолжетімділігін түсіндіруге және халықтың өз денсаулығына жауапкершілікпен қарауына ықпал етеді.
Алдағы уақытта «Ашық есік күні» акциялары қаладағы емханаларда өз жалғасын табады. Тұрғындар білікті мамандардан кеңес алып, МӘМС жүйесіне қатысты өздерін толғандырған сұрақтарға жауап алу мүмкіндігіне ие болады.








