Шу қалалық емханасы
Денсаулық сақтау жаңалықтары
16.10.2026
Туберкулез – қауіпті жұқпалы ауру
Туберкулез – көбіне өкпені зақымдайтын, ауа арқылы таралатын жұқпалы ауру. Оны туберкулез микобактериялары тудырады. Ауру адам жөтелгенде, түшкіргенде немесе сөйлегенде ауаға бөлінетін бактериялар арқылы жұғуы мүмкін.
Аурудың негізгі белгілері:
Екі аптадан астам уақытқа созылған жөтел;
Дене қызуының көтерілуі;
Түнде шамадан тыс терлеу;
Әлсіздік пен тез шаршау;
Тәбеттің төмендеуі және салмақ жоғалту;
Кеуде тұсының ауыруы;
Кейде қақырықта қанның болуы.
Туберкулездің алдын алу жолдары:
Туберкулездің алдын алуда БЦЖ вакцинасының маңызы зор. Ол әсіресе балаларды аурудың ауыр түрлерінен қорғайды. Сонымен қатар бөлмені жиі желдету, жеке бас гигиенасын сақтау, дұрыс тамақтану, салауатты өмір салтын ұстану және медициналық тексерулерден уақытылы өту қажет.
Ауруды ерте анықтау үшін флюорографиялық тексеруден жүйелі түрде өтіп тұру маңызды. Егер туберкулезге тән белгілер байқалса, өздігінен емделмей, дереу дәрігерге қаралу керек.
Есіңізде болсын! Туберкулез – емделетін ауру. Ең бастысы – оны дер кезінде анықтап, дәрігер тағайындаған емді толық әрі үздіксіз қабылдау. Өз денсаулығыңызға жауапкершілікпен қараңыз!







