Шу қалалық емханасы

Емхана жаңалықтары

29.11.2024

МӘМС – бұл міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру.

МӘМС – бұл міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру. Жүйе Қазақстанда 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап іске қосылды. Осы уақыттан бастап қазақстандықтар медициналық сақтандыруға ақша аударып, қажетті медициналық қызметтер спектрін пайдалана бастады.
Сақтандырылу үшін не істеу керек және бұл мәртебе не береді, бұл туралы осы материалда айтып береміз.
Көбі МӘМС-ті – зейнетақы қорының баламасы, яғни ақша жинақталған соң ғана пайдалана аламыз деп ойлайды. Шын мәнінде олай емес! МӘМС – зейнетақы қоры емес! Бұл медициналық секторды қаржыландырудың жаңа моделі.
Ол бірлескен жауапкершілік принципі бойынша жұмыс істейді немесе қарапайым тілмен айтқанда, «асар». «Асар» – қазақ халқының ежелгі дәстүрі, онда адамдар бірігіп, бір-біріне тегін көмектеседі. Яғни, мемлекеттен және еңбекке жарамды халықтан түскен барлық қаражат бір әлеуметтік «әмиянға» – Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына түседі. Одан кейін барлық пациенттің қанша жарна төлегеніне қарамастан көрсетілген медициналық қызметтерге төлем жасалады.
Мысалы, бүгін медициналық көмек сізге қажет болса, қордың қаражаты сіздің емделуіңізге жұмсалады. Ал ертең медициналық көмек сіздің жақын адамыңыз, туысыңыз, досыңыз немесе көршіңізге қажет болғанда, қор қаражаты олардың ем алуына бағытталады.
*Қор – бұл стратегиялық төлеуші және медициналық қызметтерді сатып алушы ұйым. Қарапайым тілмен айтқанда, медициналық ұйымдар қазақстандықтарға өз қызметін көрсетеді, ал қор оларды МӘМС қаражаты есебінен төлейді.
Айта кету керек, егер сіз медициналық көмек алмаған болсаңыз, өз жарнаңызды қайтарып ала алмайсыз әрі оны басқа адамға беруге болмайды. Себебі, жоғарыда айтылғандай, жүйе «бір әлеуметтік әмиян» қағидасы бойынша құрылған.

Бас дәрігерінің міндетін атқарушы

Инкарбекова Гаухар Меркибековна Сәлемдесу