Шу қалалық емханасы
Денсаулық сақтау жаңалықтары
29.08.2025
Бала денсаулығы — МӘМС жүйесінің қорғауында
Жамбыл облыстық көпбейінді балалар ауруханасына шұғыл түрде 5 жастағы қыз бала жеткізілді. Баланың іші қатты ауырып, үздіксіз құсқан. Орталықтың дәрігерлері жедел түрде зертханалық тексеру жүргізіп, жедел соқырішек (аппендицит) диагнозын қойған.
Балалар хирургі Хожимурод Омаров шұғыл ота жасады.
— 5 жасар Ким Алина есімді қыз балаға жасалған операция сәтті өтті. Қазір оның жағдайы да, көңіл-күйі де жақсы. Егер бәрі ойдағыдай болса, 2–3 күннен кейін анасымен бірге үйіне шығарылады, — деді дәрігер.
Бала анасы Диана Алиева қызының қазіргі жағдайы жақсы екенін айтып, дәрігерлерге алғысын білдірді.
Айта кетейік, Қазақстанда 18 жасқа дейінгі балалар — міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіндегі жеңілдік санаттарының бірі ретінде мемлекет есебінен сақтандырылған.