Шу қалалық емханасы
Емхана жаңалықтары
03.04.2026
Семинарлық оқыту ұйымдастырылды
Шу қалалық емханасы базасында «Синий код» командасы үшін кеңейтілген жүрек-өкпе реанимациясын (ACLS) жүргізуге арналған семинарлық оқыту ұйымдастырылды. Аталған оқыту медицина қызметкерлерінің шұғыл жағдайларда әрекет ету дағдыларын жетілдіруге бағытталған.
Семинар барысында қатысушыларға жүйелі тәсіл негізінде науқастың жағдайын бағалау, жүрек-өкпе реанимациясын жүргізудің заманауи алгоритмдері, сондай-ақ шұғыл көмек көрсету кезінде командалық жұмыстың маңыздылығы түсіндірілді. Теориялық бөлімде халықаралық стандарттарға сәйкес ACLS хаттамалары кеңінен қарастырылды.
Оқыту процесінде «Синий код» жүйесінің негізгі қағидаларына ерекше назар аударылып, кенеттен жүрек тоқтауы жағдайында уақытылы және дұрыс әрекет етудің маңызы атап өтілді. Сонымен қатар, медициналық қызметкерлердің кәсіби біліктілігін арттыру, науқастың өмірін сақтап қалудағы шешуші фактор екені айтылды.
Мұндай семинарлар денсаулық сақтау саласындағы мамандардың тәжірибесін жетілдіріп қана қоймай, шұғыл медициналық көмектің сапасын арттыруға зор үлес қосады.








