МӘМС
Бала денсаулығы – МӘМС жүйесінің қорғауында
Соңғы екі-үш аптада балалар арасында тұмау мен вирустық инфекциялар жиілеп, қалалық балалар ауруханасына жүгінушілер саны артқан. Дәрігерлердің айтуынша, әсіресе мамыр айында тыныс алу жолдарының вирустық ауруларымен ауырған балалар көп болған.
Ауруханаға түскендердің қатарында тараздық тұрғын Ұлбеке Кенжеқараеваның бір жасар ұлы да бар. Анасының айтуынша, баланың денсаулығы күрт нашарлап, үй жағдайында емдеу нәтиже бермеген.
– Баламның жөтелі қатты болып, дене қызуы түспеді. Жағдайы алаңдатарлық болғандықтан дәрігерлердің көмегіне жүгіндік. Ауруханада қажетті ем қабылдап, қазір жағдайы жақсарды, – дейді Ұлбеке Кенжеқараева.
Дәрігерлердің кәсіби көмегінің арқасында кішкентай пациенттің жағдайы біртіндеп оңалып келеді. Педиатр Елизавета Карасавидтің айтуынша, балаға клиникалық хаттамаға сәйкес барлық қажетті емдік шаралар жүргізілген.
– Соңғы 2-3 аптада вирустық инфекциямен ауырған балалар саны айтарлықтай көбейді. Сондықтан ата-аналар ауру белгілері байқалған жағдайда уақыт жоғалтпай дәрігерге қаралғаны жөн. Ерте басталған ем асқынудың алдын алады, – дейді маман.
Айта кетейік, Қазақстанда 18 жасқа дейінгі балалар мемлекет есебінен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесінде сақтандырылған. Соның арқасында олар тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі (ТМККК) мен МӘМС пакеті аясында қажетті медициналық қызметтерді ала алады.
Балалардың сапалы әрі уақытылы медициналық көмекке қол жеткізуі – олардың денсаулығын нығайтып, аурулардың алдын алуға мүмкіндік береді.
#МӘМСЖАМБЫЛ #ОСМСЖАМБЫЛ







