Шу қалалық емханасы

Денсаулық сақтау жаңалықтары

02.07.2026

Артериялық гипертензия (жоғары қан қысымы)

Артериялық гипертензия – қан қысымының тұрақты түрде жоғарылауы. Егер қан қысымы бірнеше рет өлшегенде 140/90 мм сын.бағ. және одан жоғары болса, бұл артериялық гипертензияның белгісі болуы мүмкін. Бұл ауру көбіне ұзақ уақыт бойы ешқандай белгілерсіз өтетіндіктен, оны «үнсіз жау» деп те атайды.
Артериялық гипертензияның белгілері:
Бас ауруы, әсіресе желке тұсының ауырсынуы;
Бас айналу;
Құлақтағы шу;
Көздің бұлдырауы;
Жүрек қағуы;
Әлсіздік, тез шаршағыштық.
Алайда көптеген адамдарда ауру ешбір белгісіз өтуі мүмкін. Сондықтан қан қысымын тұрақты түрде өлшеп отыру өте маңызды.
Қауіп факторлары:
Тұқым қуалаушылық;
Артық салмақ пен семіздік;
Дұрыс тамақтанбау, тұзды көп тұтыну;
Темекі шегу және алкогольді шамадан тыс пайдалану;
Қимыл-қозғалыстың аздығы;
Созылмалы күйзеліс;
Қант диабеті мен қандағы холестерин деңгейінің жоғары болуы.
Неліктен қауіпті?
Емделмеген немесе бақылаусыз қалған жоғары қан қысымы:
Инсультке;
Жүрек инфарктісіне;
Жүрек жеткіліксіздігіне;
Бүйрек қызметінің бұзылуына;
Көру қабілетінің төмендеуіне әкелуі мүмкін.
Алдын алу жолдары:
Қан қысымын жүйелі түрде бақылаңыз;
Тұзды тәулігіне 5 грамнан артық қолданбаңыз;
Көкөніс пен жеміс-жидекті көбірек тұтыныңыз;
Белсенді өмір салтын ұстанып, күн сайын кемінде 30 минут дене белсенділігімен айналысыңыз;
Темекіден бас тартып, алкогольді шектеңіз;
Дене салмағын қалыпты деңгейде ұстаңыз;
Дәрігер тағайындаған дәрілерді үзбей қабылдаңыз.
Есіңізде болсын!
Артериялық гипертензияны ерте анықтау және уақытылы емдеу жүрек-қан тамырлары ауруларының ауыр асқынуларының алдын алуға мүмкіндік береді. Өз денсаулығыңызға жауапкершілікпен қарап, қан қысымыңызды тұрақты бақылауда ұстаңыз!

Бас дәрігер

Инкарбекова Гаухар Меркибековна Сәлемдесу