Шу қалалық емханасы
МӘМС
07.08.2026
Әр қадам – үлкен жеңіс: МӘМС аясындағы оңалтудан өткен пациент аяғынан тік тұрды
МӘМС жүйесі аясында сақтандырылған азаматтар медициналық көрсетілім болған жағдайда медициналық оңалту қызметтерін тегін ала алады. Бұл – операциядан, жарақаттан немесе ауыр сырқаттан кейін адамның денсаулығын қалпына келтіріп, қалыпты өмірге оралуына көмектесетін маңызды кезең.
Тараз қалалық көпбейінді ауруханасының қалпына келтіру және медициналық оңалту бөлімшесінде ем алып жатқан Анар есімді пациент аяғына жасалған күрделі операциядан кейін екінші кезеңдік оңалтудан өтуде. Оның айтуынша, оңалту шараларының нәтижесінде денсаулығы едәуір жақсарып, бүгінде еркін қозғалып, өздігінен жүре алады.
Пациент дәрігерлердің кәсіби көмегіне алғысын білдіріп, медициналық оңалту қызметін МӘМС жүйесі аясында тегін алып жатқанын айтады. Оның сөзінше, бұл қолдау тезірек қалыпты өмірге оралуына үлкен мүмкіндік берген.
Бөлімшенің реабилитолог дәрігері Аршат Нұрмаханның айтуынша, бөлімшеде науқастардың сауығып, күнделікті өмірге қайта бейімделуі үшін барлық жағдай жасалған. Заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген бөлімшеде әр пациентке диагнозына сәйкес жеке оңалту бағдарламасы әзірленеді.
Маманның айтуынша, сақтандырылған азаматтарға көрсетілетін медициналық оңалту қызметтері толықтай МӘМС жүйесі есебінен қаржыландырылады. Бұл пациенттердің қосымша қаржылық шығынсыз сапалы ем қабылдап, денсаулығын қалпына келтіріп, қалыпты өмірге қайта оралуына мүмкіндік береді.








