Қызылша – өте жұқпалы ауру

Қызылша (корь) – өте жұқпалы вирустық жұқпалы ауру. Ауру ауа-тамшы жолымен тез таралады.
❗ Негізгі белгілері:
дене қызуының 38–40°С-қа дейін көтерілуі
мұрыннан су ағу, жөтел
көздің қызаруы, жас ағу
3–5 күннен кейін беттен бастап бүкіл денеге таралатын қызыл бөртпе
⚠ Асқынулары:
Қызылша пневмония, отит, энцефалит сияқты ауыр асқынуларға әкелуі мүмкін, әсіресе балалар мен иммунитеті төмен адамдар үшін қауіпті.
💉 Алдын алу:
Қызылшадан сақтанудың ең тиімді жолы – вакцинация. Ұлттық екпе күнтізбесіне сәйкес балаларға жоспарлы түрде егіледі.
📍 Белгілер байқалған жағдайда өздігінен емделмей, дереу дәрігерге қаралыңыз.

Жасөспірімдер арасында түсіндіру жұмыстары жүргізілді

Шу қаласының Төле би атындағы орта мектебінің жасөспірімдері арасында Шу қалалық емханасының жастар денсаулық орталығының мамандары репродуктивті денсаулықты сақтау, жеке бас гигиенасы, өнегелі жыныстық тәрбие жөнінде түсіндіру жұмыстарын жүргізді.

Скринингтен кім және қашан өтуі керек?

Қазақстанның әрбір азаматы денсаулығына ешқандай шағымы болмаса да, профилактикалық тексерулер мен скринингтерден уақтылы өтіп отыруы тиіс.
Скринингтер тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру пакеттерінің шеңберінде тегін жүргізіледі. Айта кетейік, енді онкоскринингтер сақтандыру мәртебесіне қарамастан барлық азаматтарға қолжетімді.
Пациент скринингтен өз емханасында өте алады. Оған келесі жолдармен жазылады:
• емханаңыздың тіркеу бөлімінде,
• call-орталық арқылы,
• емханаңыздың мобильді қосымшасы немесе порталы арқылы.
Денсаулығыңызды қорғаңыз — скринингтен өтуді ұмытпаңыз!

Қандай жағдайда дәрігерді үйге шақыруға болады?

Қандай жағдайда дәрігерді үйге шақыруға болады?
Медицина қызметкерін емханаға баруға мүмкіндік болмаған кезде үйге шақыруға болады.
Медбике немесе фельдшер:
— Дене қызуы 38°С-қа дейін көтерілсе;
— Қан қысымы жоғарылап, бірақ жалпы жағдайы қалыпты болса;
— Есінен танбаған немесе қан кетпеген, жағдайы күрт нашарламаған жарақаттар мен аурулар кезінде пациенттің үйіне барады.
Ал учаскелік дәрігер:
— Егер тіркеу бөлімі немесе медбике пациенттің жағдайын дәрігердің тексеруі қажет деп бағаласа;
— Вакцинадан кейін жағдайы нашарлаған сәтте үйге келеді.
Бұдан бөлек, 5 жасқа дейінгі балалар, жүкті және босанған әйелдер, 65 жастан асып, өздігінен емханаға келе алмайтын адамдар жағдайы нашарлаған кезде үйде қаралады.

МӘМС жүйесіндегі мәртебені қалай тексеруге болады?

— Қордың msqory.kz ресми сайтында;
— Telegram-дағы @SaqtandyrýBot арқылы;
— Qoldau 24/7 мобильді қосымшасында;
— egov.kz сайтындағы жеке кабинетте;
— Damumed-тегі жеке кабинетте;
— Банктердің мобильді қосымшаларында.

Емханаға қалай тіркелуге болады?

Емханаға тіркелу — әр азаматтың сапалы әрі уақтылы медициналық көмек алуындағы ең маңызды қадамдардың бірі.
Тіркелу арқылы сіз бастапқы медициналық-санитарлық көмекті толық көлемде пайдаланып, дәрігер қабылдауына баруға, қажетті тексерулерден өтуге, бейінді мамандарға жолдама алуға және профилактикалық скринингтерден уақытында өтуге мүмкіндік аласыз.
Созылмалы аурулары бар азаматтар үшін тұрақты бақылау мен жоспарлы медициналық қолдау да осы тіркеу арқылы қамтамасыз етіледі. Емханаға тіркелу eGov.kz порталы арқылы немесе өзіңіз таңдаған медициналық ұйымға тікелей жүгіну арқылы жүзеге асады.

Егер сізге медициналық көмек көрсетуден бас тартылса…

Егер сізге медициналық көмек көрсетуден себепсіз бас тартылса немесе медициналық көмек алу кезінде қиындықтар туындаса, сол емханадағы Пациенттерді қолдау және ішкі сараптама қызметіне жүгіну қажет. Ол жерде мәселеңіз шешілмеген жағдайда Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының келесі байланыс арналарының біріне өтініш қалдыра аласыз:
— Қордың msqory.kz ресми сайты
— Qoldau 24/7 мобильді қосымшасы
— Telegram-дағы @SaqtandyrýBot
— 1414 байланыс орталығы

Анализдер мен диагностикаға жолдаманы қалай алады?

💬 Кез келген кеңес беру және диагностикалық қызметті емдеуші дәрігер тағайындайды. Ол пациенттің жағдайын, шағымдарын және белгілерін қарайды. Егер тиісті көрсеткіштер болса, дәрігер зертханалық және өзге де зерттеулерге жолдама береді.
Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде қызмет алу үшін пациенттің «сақтандырылған» мәртебесі болуы шарт.
Медициналық қызметкерлер профилактика, диагностика, емдеу және оңалтудың ең тиімді әдістерін таңдау кезінде клиникалық хаттамаларды басшылыққа алады.