Емханаға тіркелу деректерін қалай тексеруге болады?

Медициналық қызметтерді пайдалану үшін ең алдымен өз емханаңызды және учаскелік дәрігеріңізді білу маңызды.
Қай емханаға тіркелгеніңізді eGov.kz порталындағы жеке кабинеттен, eGov Mobile және Damumed қосымшалары арқылы немесе емханалардың анықтама қызметі арқылы тексеруге болады.
Азаматтардың келісімінсіз немесе жалған мәліметтер негізінде медициналық мекемеге тіркеу заңбұзушылық болып саналады. Егер тіркеу сіздің қалауыңызсыз жасалған болса, eGov.kz порталы арқылы өзіңізге ыңғайлы емханаға қайта тіркеліңіз. Сонымен қатар, жалған тіркеу фактісі бойынша шағым қалдыру қажет. Емханаға жалған тіркеу бюджет қаржысын заңсыз иеленуге жатады.
Біле жүріңіз, қажет болған жағдайда жылына бір рет еркін таңдау құқығы бойынша, тұрғылықты мекен-жайын, жұмыс істейтін немесе оқитын жерін ауыстыруына байланысты және медициналық ұйым қайта ұйымдастырылса немесе таратылса емхананы өзгертуге болады. Дәрігер тіркелген пациенттердің денсаулығын бақылай алуы үшін тұрғылықты жеріне тікелей жақын мекемені таңдау ұсынылады.