МӘМС
МӘМС: уақытылы жарна – тұрақты мәртебе
Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры азаматтарға міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесіндегі мәртебені сақтау үшін жарналар мен аударымдарды уақытылы төлеу қажеттігін ескертті. Бұл туралы «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Жамбыл облысы бойынша филиалы хабарлады.
Филиал басшысы Ғайни Аймағанбетованың айтуынша, «сақтандырылған» мәртебесі соңғы 12 ай ішінде төлемдер үздіксіз жүргізілген жағдайда ғана сақталады. Егер жарналар мен аударымдар уақытылы төленбесе, азаматтардың МӘМС жүйесіндегі медициналық көмекке қолжетімділігі шектелуі мүмкін.
– Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде азаматтардың мәртебесі төлемдердің тұрақтылығына тікелей байланысты. Сондықтан әр азамат өз төлемдерінің уақытылы жүргізілуін бақылап отырғаны маңызды, – деді филиал басшысы.
Мамандар азаматтарға сақтандыру мәртебесін жоғалтпау үшін төленбеген кезеңдерді алдын ала тексеріп, қажет болған жағдайда берешекті өтеуге кеңес береді.
Дереккөз: Жамбыл-Тараз қалалық қоғамдық-саяси газеті







