Шу қалалық емханасы

Денсаулық сақтау жаңалықтары

05.11.2026

ҚАНТ ДИАБЕТІН ЕРТЕ АНЫҚТАУ НЕЛІКТЕН МАҢЫЗДЫ?

Қант диабеті – ағзадағы инсулиннің жеткіліксіз бөлінуі немесе оның әсерінің төмендеуі салдарынан қандағы глюкоза деңгейінің жоғарылауымен сипатталатын созылмалы ауру. Бұл дерт бастапқы кезеңде айқын белгілерсіз өтуі мүмкін. Сондықтан оны дер кезінде анықтау денсаулықты сақтауда маңызды рөл атқарады.
⚠️ Қандай белгілерге назар аудару керек?
Қант диабетінің жиі кездесетін белгілері:
Шөлдей беру және ауыздың құрғауы;
Жиі зәр шығару;
Тәбеттің артуы;
Себепсіз салмақ жоғалту;
Тез шаршау, әлсіздік;
Көру қабілетінің бұлыңғырлануы;
Жаралардың баяу жазылуы.
Кейбір адамдарда бұл белгілер мүлде байқалмауы мүмкін. Сол себепті өзін жақсы сезінген адамның өзі профилактикалық тексеруден өтіп тұрғаны жөн.
🔬 Ерте анықтаудың пайдасы қандай?
Қант диабетін уақытында анықтау қандағы қант деңгейін бақылауға және аурудың асқыну қаупін төмендетуге мүмкіндік береді. Емделмеген немесе дұрыс бақыланбаған диабет жүрек-қан тамырлары ауруларына, бүйрек қызметінің бұзылуына, көру қабілетінің нашарлауына және жүйке жүйесінің зақымдануына әкелуі мүмкін.
🩸 Қалай тексерілуге болады?
Қандағы глюкоза деңгейін анықтау үшін зертханалық талдау тапсыру қажет. Сонымен қатар дәрігердің ұсынысымен үш айдағы орташа қандағы қант деңгейін көрсететін гликирленген гемоглобин (HbA1c) талдауы жүргізіледі.
👨‍⚕️ Кімдер ерекше назар аударуы керек?
Артық салмағы бар адамдар;
Қозғалысы аз өмір салтын ұстанатындар;
Туыстарында қант диабеті бар адамдар;
Қан қысымы жоғары азаматтар;
Бұрын қандағы қант деңгейі қалыптан жоғары болған адамдар.
💚 Қант диабеті – бақылауға болатын ауру. Дұрыс тамақтану, тұрақты дене белсенділігі, салмақты қалыпта ұстау және уақытылы медициналық тексеруден өту оның алдын алуға әрі асқыну қаупін азайтуға көмектеседі.
Денсаулығыңызды кейінге қалдырмаңыз! Қандағы қант деңгейін уақытылы тексертіп, өз денсаулығыңызға жауапкершілікпен қараңыз.

Бас дәрігер

Инкарбекова Гаухар Меркибековна Сәлемдесу