Шу қалалық емханасы

Денсаулық сақтау жаңалықтары

18.06.2026

ҚУЫҚ АСТЫ БЕЗІ ОБЫРЫ: ЕРТЕ АНЫҚТАУ – ӨМІРДІ САҚТАУДЫҢ КЕПІЛІ

Қуық асты безі обыры (простата обыры) – ер адамдар арасында жиі кездесетін қатерлі ісіктердің бірі. Бұл ауру негізінен 50 жастан асқан азаматтарда кездеседі және көптеген жағдайда бастапқы кезеңдерде ешқандай белгілерсіз дамиды. Сондықтан дер кезінде тексеруден өту ауруды ерте анықтап, тиімді ем қабылдауға мүмкіндік береді.
Қуық асты безі – ер адамның ұрпақ өрбіту жүйесінің маңызды мүшесі. Ол қуықтың астында орналасып, шәует сұйықтығының құрамына кіретін секрет бөледі. Осы без жасушаларының бақылаусыз көбеюі нәтижесінде қатерлі ісік пайда болуы мүмкін.
Қуық асты безі обырының даму қаупін арттыратын негізгі факторларға егде жас, тұқым қуалаушылық, дұрыс тамақтанбау, артық салмақ, зиянды әдеттер және қозғалыс белсенділігінің төмендігі жатады.
Аурудың бастапқы кезеңінде көбіне ешқандай шағым болмайды. Алайда ісік ұлғайған сайын келесі белгілер байқалуы мүмкін:
зәр шығарудың қиындауы;
жиі дәретке бару, әсіресе түнгі уақытта;
зәр шығару кезінде ауырсыну немесе ашыту сезімі;
зәрде немесе шәуетте қанның пайда болуы;
бел, жамбас немесе сүйектердегі ауырсыну;
жалпы әлсіздік пен салмақ жоғалту.
Қуық асты безі обырын анықтаудың негізгі әдістеріне дәрігердің тексеруі, қандағы ПСА (простатоспецификалық антиген) деңгейін анықтау, ультрадыбыстық зерттеу және қажет болған жағдайда биопсия жатады.
Дәрігерлер 50 жастан асқан барлық ер азаматтарға, ал тұқым қуалаушылық қаупі бар адамдарға 45 жастан бастап профилактикалық тексеруден тұрақты түрде өтуге кеңес береді.
Аурудың алдын алу үшін салауатты өмір салтын ұстану, дұрыс тамақтану, дене белсенділігін арттыру, темекі мен алкогольден бас тарту және дәрігерге уақтылы қаралу маңызды.
Құрметті ер азаматтар! Өз денсаулығыңызға бейжай қарамаңыз. Қуық асты безі обыры ерте анықталған жағдайда тиімді емделеді. Уақытылы тексеруден өту – өз өміріңіз бен денсаулығыңызды сақтаудың ең сенімді жолы.

Бас дәрігер

Инкарбекова Гаухар Меркибековна Сәлемдесу