Денсаулық сақтау жаңалықтары
Қызылша (корь) — өте жұқпалы вирустық ауру
Қызылша (корь) — өте жұқпалы вирустық ауру. Ауруды Morbillivirus вирусы қоздырады және ол көбінесе ауа-тамшы жолы арқылы (жөтелу, түшкіру, сөйлесу кезінде) таралады. Қызылша көбіне балалар арасында кездеседі, бірақ вакцина алмаған ересектер де ауыруы мүмкін.
Аурудың алғашқы белгілеріне дене қызуының 38–40°C-қа дейін көтерілуі, әлсіздік, бас ауруы, мұрыннан су ағу, жөтел және көздің қызарып, жасаурауы жатады. Бірнеше күннен кейін беттен басталып, бүкіл денеге тарайтын қызыл түсті бөртпе пайда болады.
Қызылша асқынған жағдайда өкпе қабынуына (пневмония), құлақтың қабынуына, ми қабынуына (энцефалит) әкелуі мүмкін. Бұл әсіресе жас балалар үшін өте қауіпті.
Қызылшадан қорғанудың ең тиімді жолы — вакцинация. Қызылшаға қарсы екпе балаларға жоспарлы түрде салынады және ол аурудың алдын алуда өте жоғары нәтиже береді. Уақтылы екпе алу арқылы қызылшаның таралуын болдырмауға болады.







