Шу қалалық емханасы
Денсаулық сақтау жаңалықтары
09.07.2026
Репродуктивті денсаулық – бақытты отбасы мен жарқын болашақтың кепілі!
Репродуктивті денсаулық және оның маңыздылығы
Репродуктивті денсаулық – адамның өмір бойы ұрпақ өрбіту жүйесінің қалыпты жұмыс істеуімен қатар, физикалық, психикалық және әлеуметтік әл-ауқатының толыққанды болуы. Бұл тек аурудың болмауы ғана емес, болашақта дені сау ұрпақ дүниеге әкелуге мүмкіндік беретін маңызды денсаулық көрсеткіші.
Репродуктивті денсаулықты сақтау әрбір адамның өзіне деген жауапкершілігінен басталады. Дұрыс тамақтану, тұрақты дене белсенділігі, зиянды әдеттерден бас тарту, жеке бас гигиенасын сақтау және уақытылы медициналық тексеруден өту – репродуктивті денсаулықты нығайтудың негізгі жолдары.
Әйелдерге жылына кемінде бір рет гинекологтың, ал ерлерге уролог немесе андрологтың тексеруінен өту ұсынылады. Сонымен қатар жыныстық жолмен берілетін инфекциялардың алдын алу, қауіпсіз жыныстық қатынас мәдениетін сақтау және отбасын саналы жоспарлау – денсаулықты қорғаудың маңызды бөлігі.
Болашақ жүктілікті жоспарлау кезінде дәрігердің кеңесіне жүгіну, қажетті зерттеулерден өту және ағзадағы дәрумендер мен микроэлементтердің жеткілікті болуын қамтамасыз ету ана мен баланың денсаулығына оң әсер етеді.
Репродуктивті денсаулыққа кері әсер ететін факторларға темекі шегу, алкоголь мен есірткі қолдану, созылмалы күйзеліс, дұрыс тамақтанбау, артық салмақ, қозғалыс аздығы және бақылаусыз дәрі қабылдау жатады.
Әр адам өзінің репродуктивті денсаулығына бүгіннен бастап көңіл бөлсе, болашақта дені сау ұрпақ тәрбиелеуге және өмір сапасын арттыруға мүмкіндік алады.







