Денсаулық сақтау жаңалықтары
Темекі шегудің зияны
Темекі шегу – қазіргі қоғамдағы ең өзекті мәселелердің бірі. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, темекі адам ағзасына орасан зор зиян келтіріп, көптеген қауіпті аурулардың туындауына себеп болады. Оның құрамында никотин, шайыр және адам ағзасын улайтын мыңдаған химиялық заттар бар. Бұл улы заттар ағзаның қалыпты жұмысын бұзып, денсаулыққа кері әсерін тигізеді.
Темекі шегу ең алдымен тыныс алу жүйесін зақымдайды. Өкпенің жұмысы әлсіреп, адамның тыныс алуы қиындайды. Ұзақ уақыт темекі қолдану өкпе обыры, созылмалы бронхит, демікпе секілді қауіпті дерттердің пайда болу қаупін арттырады. Сонымен қатар, темекі түтіні жүрек пен қан тамырларына әсер етіп, инфаркт пен инсульттің даму ықтималдығын көбейтеді.
Никотин адамның жүйке жүйесіне де тәуелділік қалыптастырады. Көп жағдайда темекіге әуестік жасөспірім шақтан басталып, кейіннен одан бас тарту қиынға соғады. Темекі шегетін адамның жұмысқа қабілеттілігі төмендеп, тез шаршау, әлсіздік, ұйқының бұзылуы сияқты мәселелер жиі байқалады.
Темекі тек шегушінің өзіне ғана емес, оның айналасындағы адамдарға да зиян. Пассивті темекі шегу нәтижесінде темекі түтінін жұтқан адамдардың денсаулығына қауіп төнеді. Әсіресе балалар мен жүкті әйелдер үшін бұл өте қауіпті. Темекі түтіні балалардың иммунитетін әлсіретіп, тыныс алу жолдарының ауруларын жиілетуі мүмкін.
Темекіден бас тарту – салауатты өмірге бастар үлкен қадам. Темекіні тоқтатқаннан кейін бірнеше күн ішінде ағза өзін қалпына келтіре бастайды. Қан айналымы жақсарып, тыныс алу жеңілдейді, адамның жалпы көңіл күйі мен белсенділігі артады. Уақыт өте келе жүрек-қан тамырлары ауруларының қаупі де айтарлықтай төмендейді.
Құрметті тұрғындар! Өз денсаулығыңызды күтіңіздер! Темекіден бас тартып, жарқын әрі белсенді өмірді таңдаңыздар. Денсаулық – адам өміріндегі ең қымбат байлық!







