Учаскелік дәрігерге бару үшін МӘМС жүйесінде сақтандырылу шарт па?

💬 Жоқ. Пациенттер учаскелік терапевтке немесе жалпы тәжірибе дәрігеріне «cақтандырылған» мәртебесінің бар-жоғына қарамастан бара алады. Бірақ кейін МӘМС пакеті аясында бейінді мамандардың кеңесі немесе медициналық қызметтер қажет болса, «cақтандырылған» мәртебесін алу керек.
______________________
Медициналық көмек алу кезінде қосымша сұрақтар немесе мәселе туындаған жағдайда өз клиникасындағы Пациенттерді қолдау және ішкі сараптама қызметіне жүгіну қажет. Егер жағдайды сол жерде шешу мүмкін болмаса, Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының келесі байланыс арналарының біріне өтініш қалдыра алады:
* Qoldau 24/7 мобильді қосымшасы
* msqory.kz ресми сайты
* Telegram-дағы @SaqtandyrýBot
* 1414 байланыс орталығы
Сондай-ақ Damumed, Halyk, BCC.KZ, Kaspi.kz, Freedom SuperApp, Bereke bank, Home Credit Bank мобильді қосымшалары МӘМС жүйесіндегі мәртебені тексеруге мүмкіндік береді. Сондай-ақ, электронды үкіметтің egov.kz сайтындағы «Денсаулық сақтау» бөлімінде «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі аясында көрсетілетін медициналық қызметті тұтынушы ретінде қатысу туралы және аударымдардың және (немесе) жарналардың аударылған сомалары туралы ақпарат ұсыну» мемлекеттік қызметі арқылы медициналық сақтандыру жүйесіндегі мәртебені тексеруге және жүргізілген төлемдер туралы ақпарат алуға болады.

Ботулизмнен сақ болыңыз!

Ботулизм – жүйке жүйесін зақымдайтын, адам өміріне қауіп төндіретін ауыр жұқпалы ауру. Ауру көбіне дұрыс дайындалмаған немесе сақтау талаптары бұзылған тағамдарды тұтынудан пайда болады.
Ботулизмнің негізгі белгілері:
әлсіздік, бас айналу;
ауыздың құрғауы;
көрудің нашарлауы, көз алдында қосарланып көру;
жұтынудың қиындауы;
сөйлеудің бұзылуы;
жүрек айну, іштің ауыруы;
бұлшықеттердің әлсіздігі;
тыныс алудың қиындауы.
⚠️ Ботулизм – шұғыл медициналық көмекті қажет ететін жағдай! Жоғарыдағы белгілер байқалса, өздігінен ем қабылдамай, дереу медициналық көмекке жүгініңіз.
Алдын алу жолдары:
үй жағдайында дайындалған консервілерді, тұздалған және маринадталған өнімдерді дайындау технологиясын сақтай отырып әзірлеу;
консервіленген өнімдердің қақпағы ісінген, бүлінген немесе күмәнді болса, тұтынбау;
тағамды белгісіз жерден сатып алмау;
ет, балық, саңырауқұлақ және көкөністерді дайындау кезінде санитариялық талаптарды сақтау;
тағам өнімдерін дұрыс температурада және белгіленген мерзімде сақтау.
Өз денсаулығыңызға бейжай қарамаңыз! Ботулизмнің алдын алу – әр адамның өз қолында.

«Мен өмірді таңдаймын»

Жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттау, зиянды әдеттердің алдын алу және өмірдің қадір-қасиетін ұғындыру мақсатында «Мен өмірді таңдаймын» тақырыбында танымдық кездесу ұйымдастырылды.
Іс-шара барысында Шу қалалық емханасының маманы Оспанова Есен Әлмешқызы жастарға салауатты өмір денсаулықты сақтау мен нығайтудың негізгі бағыттарына тоқталды.
Өмірдің құндылығы, дұрыс таңдау жасаудың маңыздылығы, денсаулықты сақтау, зиянды әдеттердің алдын алу және өз болашағына жауапкершілікпен қарау мәселелері кеңінен талқыланды. Сонымен қатар, жастардың өз-өзіне деген сенімін арттыруға, күйзеліске төзімділігін қалыптастыруға және жағымды қарым-қатынас орнатуға бағытталған психологиялық тренинг жүргізілді. Тренинг барысында қатысушылар түрлі жаттығуларға белсенді қатысып, өз ойларын еркін білдіріп, пікір алмасты.
Шараның басты мақсаты – жастардың өмірге деген оң көзқарасын қалыптастыру, салауатты өмір салтын ұстануға ынталандыру және олардың бойында жауапкершілік пен белсенді өмірлік ұстанымды дамыту.
Қорытындылай келе, әрбір жас өз өмірінің авторы екенін ұмытпауы тиіс. Дұрыс таңдау – жарқын болашақтың кепілі.

Qalqan жүйесіндегі медициналық ұйымдар QR-коды

📲 Медициналық ұйымға барғаныңды QR-код арқылы растау мүмкіндігі денсаулық сақтау саласындағы қоғамдық бақылаудың маңызды элементі. Бұл пациенттің бақылау процесіне қатысуына және азаматтар мен медициналық ұйымдар арасындағы өзара байланыстың ашықтығын арттыруға мүмкіндік береді.
🔹 Qalqan цифрлық сервисі әр медициналық ұйымға арнайы QR-код белгілейді. Пациент оны eGov Mobile қосымшасы арқылы сканерлеп, медициналық ұйымға барғанын растай алады. Болашақта бұл функцияны екінші деңгейлі банктердің мобильді қосымшаларына да енгізу жоспарланып отыр.
👤 Пациенттің жеке кабинетінде медициналық ұйымға барғаны және оған көрсетілген медициналық қызметтер туралы ақпарат көрсетіледі. Егер ол пациентке іс жүзінде көрсетілген медициналық көмекпен сәйкес келмесе, азамат бұл туралы хабарлай алады.
✅ Пациенттердің растауы медициналық ұйымдардың жұмысын бағалау критерийлерінің бірі ретінде де ескеріледі. Осылайша, азаматтардың пікірі мен олардың бақылауға тікелей қатысуы медициналық көмектің сапасы мен ашықтығын бақылайтын жүйенің бір бөлігіне айналады.

Уланудың алдын алу және алғашқы көмек

☝️ Улану – ағзаға сапасыз тағам, дәрі-дәрмек, тұрмыстық химиялық заттар, улы өсімдіктер немесе басқа да улы заттардың түсуінен болатын қауіпті жағдай. Улану белгілері кейде бірден, кейде бірнеше сағаттан кейін байқалуы мүмкін.
⚠️ Негізгі белгілері:
• жүрек айну, құсу;
• іштің ауыруы;
• іш өту;
• әлсіздік, бас айналу;
• бас ауруы;
• дене қызуының көтерілуі;
• тыныс алудың қиындауы;
• сананың шатасуы немесе естен тану.
🍽️ Тамақтан уланудың алдын алу үшін:
✅ тағамды дайындамас бұрын және тамақ ішер алдында қолды мұқият жуыңыз;
✅ тағам өнімдерінің жарамдылық мерзімін тексеріңіз;
✅ шикі және дайын өнімдерді бөлек сақтаңыз;
✅ ет, балық, жұмыртқа өнімдерін толық термиялық өңдеуден өткізіңіз;
✅ тағамды дұрыс температурада сақтаңыз;
✅ күмәнді немесе иісі, түсі өзгерген тағамды пайдаланбаңыз;
✅ қайнатылмаған немесе сапасы күмәнді суды ішпеңіз.
🚑 Егер улануға күдік болса:
Адамның жағдайы нашарласа, өз бетінше ем қолданбай, медициналық көмекке жүгіну қажет. Әсіресе бала, жүкті әйел, қарт адам немесе ес-түссіз жатқан адам уланған жағдайда шұғыл медициналық көмек қажет.
❗ Уланған адамға дәрігердің кеңесінсіз дәрі бермеңіз және құстыруға тырыспаңыз. Егер улану химиялық заттан немесе дәрі-дәрмектен болған болса, заттың қаптамасын сақтап, медицина қызметкерлеріне көрсеткен жөн.

Пациент мүддесі – медициналық ұйым жұмысының басты міндеті

Қазіргі таңда медициналық ұйымдардың басты міндеттерінің бірі – пациентке сапалы әрі қолжетімді медициналық көмек көрсету. Бұл ретте медициналық қызметтің сапасымен қатар, пациенттердің құқықтарын сақтау, олардың өтініштері мен пікірлеріне назар аудару және халықпен тиімді коммуникация орнату маңызды.
Осы бағытта Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры Жамбыл облысы бойынша филиалы директорының орынбасары Нұрлан Дәрменқұлов пен Халықты ақпараттандыру және өтініштерді қарау бөлімінің басшысы Дәурен Бурханов Тараз қаласындағы «Almaz Medical Group» ЖШС емханасында, «Zhanshuak Medical Group» ЖШС-де және «Садыхан» облыстық консультативтік-диагностикалық медициналық орталығы ЖШС-де медицина қызметкерлерімен кездесу өткізді.
Кездесу барысында пациентке бағытталған қызмет көрсету, скринингтік зерттеулерді ұйымдастыру, медициналық ұйымдардағы репутациялық менеджмент және Пациенттерді қолдау қызметінің жұмысы талқыланды.
Нұрлан Дәрменқұлов медицина қызметкерлеріне скринингтік зерттеулерден өтуге жататын нысаналы топтар, сондай-ақ скринингтік зерттеулерді жүргізу қағидалары, көлемі мен мерзімділігіне енгізілген өзгерістер туралы түсіндірді.
«Скринингтік зерттеулер ауруларды ерте анықтап, дер кезінде медициналық көмек көрсетуге мүмкіндік береді. Сондықтан нысаналы топқа кіретін азаматтарды скринингтен уақытылы өткізу және зерттеулердің сапалы ұйымдастырылуы маңызды», – деді Нұрлан Дәрменқұлов.
Ал Дәурен Бурханов кездесу қатысушыларына репутациялық менеджмент пен Пациенттерді қолдау қызметінің маңызы туралы кеңінен баяндады.
Оның айтуынша, медициналық ұйымның беделі ең алдымен пациенттердің сенімі арқылы қалыптасады. Қызмет көрсету мәдениеті, медицина қызметкерлерінің пациенттермен қарым-қатынасы және олардың пікіріне көңіл бөлу ұйымның оң имиджін қалыптастыруға ықпал етеді.
Сонымен қатар медициналық ұйымдардағы Пациенттерді қолдау қызметі азаматтардың өтініштері мен мәселелерін қарастырып, олардың құқықтарының сақталуына ықпал етеді. Тиімді кері байланыс медициналық қызмет көрсету сапасын арттыруға және пациенттердің медициналық ұйымға деген сенімін нығайтуға мүмкіндік береді.
Кездесуде аталған бағыттардың барлығы пациентке бағдарланған медициналық көмектің маңызды құрамдас бөлігі екені атап өтілді. Жиын соңында спикерлер медицина қызметкерлерінің сұрақтарына жауап беріп, өзара пікір алмасты.
Айта кетейік, мұндай кездесулер алдағы уақытта да басқа да медициналық ұйымдарда өз жалғасын табатын болады.

МӘМС аясында жеке клиникада ота жасатуға болады

МӘМС жүйесінде сақтандырылған азаматтар жоспарлы операцияны жекеменшік клиникаларда да жасата алады. Ол үшін клиника Қордың медициналық қызметтерді жеткізушілер тізімінде болуы, ал операция МӘМС пакетіне кіруі және медициналық көрсетілім мен жолдама болуы қажет.
Бұл жағдайда операцияның құнын пациент емес, Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры төлейді.
Мәселен, «Эскулап» емдеу орталығында МӘМС аясында жалпы хирургия және гинекология бағыттары бойынша лапароскопиялық және ашық операциялар жасалады.
Пациенттің алғысы – дәрігер еңбегінің ең жоғары бағасы. Ендеше, «Эскулап» емдеу орталығында медициналық көмек алған пациенттің орталық мамандарына деген алғысын өз аузынан тыңдайық.💙
#МӘМСЖАМБЫЛ #ОСМСЖАМБЫЛ

ОКИ (жіті ішек инфекциялары)

ОКИ (жіті ішек инфекциялары) – ас қорыту жолдарын зақымдайтын, түрлі бактериялар, вирустар және басқа да қоздырғыштар арқылы таралатын жұқпалы аурулар тобы. Инфекция көбіне санитариялық талаптар сақталмаған жағдайда, лас қол, сапасыз немесе ластанған тағам мен ауызсу арқылы жұғады.
ОКИ кезінде адамның дене қызуы көтерілуі, әлсіздік, іштің ауыруы, жүрек айну, құсу, іш өту сияқты белгілер байқалуы мүмкін. Кей жағдайда ауру ағзаның сусыздануына әкеледі. Әсіресе балалар, қарт адамдар және иммунитеті әлсіз азаматтар үшін сусыздану қауіпті болуы мүмкін.
Жіті ішек инфекцияларының алдын алу үшін:
тамақ ішер алдында және дәретханадан кейін қолды сабынмен мұқият жуу;
жеміс-жидек пен көкөністі ағын сумен жақсылап шаю;
тек қауіпсіз, таза ауызсуды пайдалану;
тағам өнімдерін дұрыс сақтау және белгіленген жарамдылық мерзіміне назар аудару;
шикі және дайын тағамдарды бөлек сақтау;
ет, жұмыртқа және басқа да өнімдерді толық термиялық өңдеуден өткізу;
көшеден және санитариялық жағдайы күмәнді орындардан дайын тағам сатып алмау;
бөлме тазалығын және жеке бас гигиенасын сақтау қажет.
Маңызды: іш өту немесе құсу кезінде ағза сұйықтықты көп жоғалтады. Сондықтан сұйықтықты жеткілікті мөлшерде қабылдау маңызды. Ауру белгілері күшейсе, дене қызуы жоғарыласа, қан аралас іш өту байқалса немесе науқаста сусыздану белгілері пайда болса, өз бетінше емделмей, медициналық көмекке жүгіну қажет.

Ана сүті – бала денсаулығының негізі

Ана сүті – нәрестенің алғашқы айларындағы ең құнды әрі табиғи тағамы. Оның құрамында баланың өсуі мен дамуына қажетті ақуыз, май, көмірсу, дәрумендер, минералдар және иммундық қорғанысты қалыптастыратын биологиялық белсенді заттар бар.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы нәрестені туғаннан кейінгі алғашқы бір сағат ішінде емізуді бастап, алғашқы 6 айда баланы тек ана сүтімен қоректендіруді ұсынады. 6 айдан кейін қосымша тағам енгізіле отырып, емізуді 2 жасқа дейін немесе одан да ұзақ жалғастыруға болады.
Ана сүтінің балаға пайдасы:
• нәрестенің иммунитетін нығайтуға көмектеседі;
• жұқпалы аурулардан қорғанысын арттырады;
• баланың дұрыс өсуі мен миының дамуына қажетті қоректік заттармен қамтамасыз етеді;
• ас қорыту жүйесіне жеңіл сіңеді;
• ана мен бала арасындағы эмоционалдық байланысты күшейтеді.
Емшекпен емізудің ана үшін де пайдасы зор. Ол босанғаннан кейін жатырдың жиырылуына ықпал етеді, ана мен бала арасындағы жақындықты арттырады және ана денсаулығын сақтауға оң әсер етеді.
Баланы емізу кезінде арнайы қатаң диета ұстанудың қажеті жоқ. Ана дұрыс әрі құнарлы тамақтанып, жеткілікті сұйықтық қабылдауы, демалуға мүмкіндік табуы маңызды. Ең бастысы – баланы оның сұранысына қарай емізу және емізу техникасын дұрыс сақтау.
Егер анада сүттің жеткіліксіздігі, емізу кезінде ауырсыну, емшек ұшының жарылуы немесе бала емуден бас тарту сияқты мәселелер туындаса, өз бетінше ем қолданбай, дәрігерге немесе емшекпен қоректендіру бойынша маманға жүгінген жөн.
Есіңізде болсын: ана сүті – баланың алғашқы иммундық қорғанысы әрі табиғи қорегі. Балаңызды ана сүтімен қоректендіру – оның денсаулығына жасалған ең маңызды қамқорлықтың бірі.

МӘМС аясында өт тасына заманауи ота жасалды

МӘМС жүйесі аясында Тараз қалалық көпбейінді ауруханасында Рымбекова Ғалияға өт тас ауруына байланысты жоспарлы түрде лапароскопиялық холецистэктомия жасалды.
Операцияны хирург Әлімбек Бекнұр жүргізді. Оның айтуынша, хирургиялық ем медициналық көрсетілімге сәйкес МӘМС аясында жоспарлы түрде орындалған.
«Операция сәтті өтті. Лапароскопиялық әдіс аз жарақатты хирургиялық тәсілдердің бірі. Қазіргі таңда пациенттің жағдайы жақсы», – дейді хирург Әлімбек Бекнұр.
МӘМС жүйесі сақтандырылған азаматтарға медициналық көрсетілім болған жағдайда жоспарлы хирургиялық операцияларды қоса алғанда, қажетті медициналық көмекті алуға мүмкіндік береді.
#МӘМСЖАМБЫЛ #ОСМСЖАМБЫЛ