ЖЕКЕ КӘСІПКЕР ДЕКРЕТКЕ ШЫҚҚАННАН КЕЙІН МӘМС ҮШІН ЖАРНА ТӨЛЕЙ МЕ?

«МӘМС туралы» Заңның 26-бабында мемлекет жарна төлейтін 15 санат айқындалған. Олардың қатарында үш жасқа дейінгі баланы/балаларды тәрбиелеп отырған жұмыс істемейтін адам (баланың заңды өкілдерінің бірі) бар. Аталған бапта жұмыс істемейтіндер ретінде кәсіпкерлік немесе еңбек қызметін жүзеге асырмайтын және табысы жоқ адамдар белгіленген.
Соған сәйкес қызметі ресми түрде тоқтатылмаған және жұмыс істеп тұрған ЖК бар декреттегі әйел жеңілдікті санатқа енбейді. Сондықтан МӘМС-ке жарна төлеуі тиіс.
Ол сондай-ақ кәсіпкерлік қызметті ресми түрде жабуына немесе тоқтата тұруына болады. Бұл оған жеңілдік санатына енуге мүмкіндік береді.

Қазақстанда 3,6 миллионға жуық адам МӘМС жүйесіне қатыспайды

Қазір Қазақстанда 3,6 миллионға жуық адам МӘМС жүйесіне қатыспайды. Олардың шамамен 1 миллионы – әлеуметтік жағдайы дағдарыстық (D) және шұғыл (E) деңгейдегі тұрғындар. Яғни олардың МӘМС жарналарын төлеуге мүмкіндігі жоқ.
1 қаңтардан бастап бұл азаматтар үшін МӘМС жарналарын жергілікті атқарушы органдар төлейді. Осылайша оларға сақтандырылған мәртебесі беріліп, МӘМС аясында қажетті медициналық көмек ала алады.
Бұдан бөлек, жергілікті бюджет есебінен ресми тіркелген жұмыссыздар үшін жарна төленетін болады. Бұған дейін бұл төлемдер республикалық бюджеттен түсіп келді.
❗Сақтандырылған азаматтар үшін диагностика, дәрігерлердің кеңесі, жоспарлы операциялар, емдеу және оңалту қызметтері МӘМС аясында тегін көрсетілетінін есте сақтаңыздар. Медициналық көмек алу үшін тұрғылықты жеріңіз бойынша емханаға тіркелу қажет.

2026 жылдан бастап МӘМС жүйесінде не өзгереді?

Мемлекет басшысының тапсырмасымен медициналық көмек пакеттері қызметтердің қайталануын болдырмау үшін қайта қаралды.
🌐 2026 жылдан бастап ТМККК пакетіне әлеуметтік мәні бар 11 ауру түрінің профилактикасы мен диагностикасы енеді. Бұған дейін АИТВ мен туберкулезге күдік болған жағдайда ғана қызмет көрсетілген еді.
➡Енді тізім қатерлі ісіктермен, созылмалы вирустық гепатиттермен және бауыр цирозымен, психикалық және мінез-құлықтық бұзылыстармен, орфандық аурулармен, жүйке жүйесінің дегенеративті ауруларымен, демиелинизациялайтын аурулармен, эпилепсиямен, жедел миокард инфарктісімен (алғашқы 6 ай), инсульттермен (1 жыл ішінде) толықты.
➡Сонымен қатар ТМККК-ға артериялық гипертония, ишемиялық жүрек ауруы, глаукома, қант диабеті, В және С вирустық гепатиттерін ерте анықтауға арналған скринингтер енгізілді.
✔Бұл шаралар пациенттерге дер кезінде диагностика жүргізуге мүмкіндік береді, ауруларды ерте анықтау ем нәтижелерінің жақсаруына оң әсер етеді.
Биылғы жылдан бастап бірқатар созылмалы ауруды, оның ішінде артериялық гипертензияны, қант диабетін, церебралды сал аурын, ревматизмді, дәнекер тінінің жүйелі зақымдануларын, бүйрек ауруларын емдеу және бақылау емхана мен стационарда МӘМС пакетіне ауыстырылады.

Емханада есепте тұрған азаматтар МӘМС туралы нені білу керек?

2026 жылғы 1 қаңтардан бастап медициналық көмек пакеттеріне және оны көрсету тәртібіне қатысты бірқатар өзгерістер күшіне енеді.
Әлеуметтік маңызы бар аурулар бойынша диагностика, бақылау және емдеу ТМККК аясында көрсетіледі.
✅Атап айтқанда:
• туберкулез;
• АИТВ инфекциясы;
• қатерлі ісіктер;
• созылмалы вирустық гепатиттер және бауыр циррозы;
• психикалық және мінез-құлықтық бұзылыстар;
• орфандық аурулар;
• жүйке жүйесінің дегенеративті аурулары;
• орталық жүйке жүйесінің демиелинизациялаушы аурулары;
• эпилепсия;
• жедел миокард инфаркті (алғашқы 6 ай ішінде);
• инсульт (бір жыл ішінде).
Ал созылмалы аурулары бар азаматтарға медициналық көмек МӘМС жүйесі шеңберінде көрсетіледі.
✅Бұл тізімге келесі ауру түрлері кірді:
— қант диабеті;
— балалардың церебралды сал ауруы;
— дәнекер тіннің жүйелі аурулары;
— ревматизм;
— артериялық гипертония;
— жүректің ишемиялық ауруы және өзге де жүрек аурулары
(жүрек жеткіліксіздігі, жүрек ырғағының бұзылыстары);
— төменгі тыныс жолдарының созылмалы аурулары;
— Бүйрек аурулары, оның ішінде гломерулярлық аурулар, созылмалы бүйрек ауруы;
— ас қорыту жүйесінің аурулары;
— сүйек-бұлшықет жүйесі мен дәнекер тін аурулары.
Мемлекет басшысының 2024 жылғы Жолдауындағы тапсырмалардың бірі – бюджет мүмкіндіктерімен теңгерілген және азаматтарға қажетті медициналық қызметтердің қолжетімділігін қамтамасыз ететін Бірыңғай базалық мемлекеттік медициналық көмек пакетін құру болды. Осы бағыттағы жұмыстар бір жыл бойы жүргізілді. Ал 2025 жылдың шілде айында Президент МӘМС және медициналық қызметтер көрсетуне қатысты өзгерістер мен толықтыруларды көздейтін Заңға қол қойды. Жаңашылдықтардың бір бөлігі биыл күшіне енсе, әлеуметтік маңызы бар және созылмалы аурулар тізбесіне қатысты нормалар 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі.

Тұмау – жұқпалы вирустық ауру

Тұмау – тыныс алу жолдарын зақымдайтын, өте тез таралатын вирустық ауру. Ауа-тамшы жолымен жұғады (жөтелу, түшкіру, сөйлесу кезінде).
Негізгі белгілері:
Дене қызуының 38–40°С-қа дейін көтерілуі
Бас ауруы, әлсіздік
Бұлшықет пен буындардың сырқырауы
Тамақтың ауруы, жөтел
Мұрынның бітелуі немесе су ағу
Қауіпті асқынулары:
Өкпе қабынуы (пневмония)
Созылмалы аурулардың асқынуы
Жүрек-қантамыр жүйесінің бұзылыстары
Балалар мен қарттарда ауыр өтуі мүмкін.
Алдын алудың ең тиімді жолы – вакцинация!
Тұмауға қарсы екпе жыл сайын жүргізіледі және аурудың ауыр өтуінен қорғайды.
Маңызды! Егер грипп белгілері байқалса:
Өзін-өзі емдемеңіз
Дереу дәрігерге көрініңіз
Үй жағдайында оқшауланып, өзгелерге жұқтырмауға тырысыңыз!

Скринингтен кім және қашан өтуі керек?

Қазақстанның әрбір азаматы денсаулығына ешқандай шағымы болмаса да, профилактикалық тексерулер мен скринингтерден уақтылы өтіп отыруы тиіс.
Скринингтер тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру пакеттерінің шеңберінде тегін жүргізіледі. Айта кетейік, енді онкоскринингтер сақтандыру мәртебесіне қарамастан барлық азаматтарға қолжетімді.
Пациент скринингтен өз емханасында өте алады. Оған келесі жолдармен жазылады:
• емханаңыздың тіркеу бөлімінде,
• call-орталық арқылы,
• емханаңыздың мобильді қосымшасы немесе порталы арқылы.
Денсаулығыңызды қорғаңыз — скринингтен өтуді ұмытпаңыз!

Қандай жағдайда дәрігерді үйге шақыруға болады?

Қандай жағдайда дәрігерді үйге шақыруға болады?
Медицина қызметкерін емханаға баруға мүмкіндік болмаған кезде үйге шақыруға болады.
Медбике немесе фельдшер:
— Дене қызуы 38°С-қа дейін көтерілсе;
— Қан қысымы жоғарылап, бірақ жалпы жағдайы қалыпты болса;
— Есінен танбаған немесе қан кетпеген, жағдайы күрт нашарламаған жарақаттар мен аурулар кезінде пациенттің үйіне барады.
Ал учаскелік дәрігер:
— Егер тіркеу бөлімі немесе медбике пациенттің жағдайын дәрігердің тексеруі қажет деп бағаласа;
— Вакцинадан кейін жағдайы нашарлаған сәтте үйге келеді.
Бұдан бөлек, 5 жасқа дейінгі балалар, жүкті және босанған әйелдер, 65 жастан асып, өздігінен емханаға келе алмайтын адамдар жағдайы нашарлаған кезде үйде қаралады.

МӘМС жүйесіндегі мәртебені қалай тексеруге болады?

— Қордың msqory.kz ресми сайтында;
— Telegram-дағы @SaqtandyrýBot арқылы;
— Qoldau 24/7 мобильді қосымшасында;
egov.kz сайтындағы жеке кабинетте;
— Damumed-тегі жеке кабинетте;
— Банктердің мобильді қосымшаларында.

Емханаға қалай тіркелуге болады?

Емханаға тіркелу — әр азаматтың сапалы әрі уақтылы медициналық көмек алуындағы ең маңызды қадамдардың бірі.
Тіркелу арқылы сіз бастапқы медициналық-санитарлық көмекті толық көлемде пайдаланып, дәрігер қабылдауына баруға, қажетті тексерулерден өтуге, бейінді мамандарға жолдама алуға және профилактикалық скринингтерден уақытында өтуге мүмкіндік аласыз.
Созылмалы аурулары бар азаматтар үшін тұрақты бақылау мен жоспарлы медициналық қолдау да осы тіркеу арқылы қамтамасыз етіледі. Емханаға тіркелу eGov.kz порталы арқылы немесе өзіңіз таңдаған медициналық ұйымға тікелей жүгіну арқылы жүзеге асады.

Егер сізге медициналық көмек көрсетуден бас тартылса…

Егер сізге медициналық көмек көрсетуден себепсіз бас тартылса немесе медициналық көмек алу кезінде қиындықтар туындаса, сол емханадағы Пациенттерді қолдау және ішкі сараптама қызметіне жүгіну қажет. Ол жерде мәселеңіз шешілмеген жағдайда Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының келесі байланыс арналарының біріне өтініш қалдыра аласыз:
— Қордың msqory.kz ресми сайты
— Qoldau 24/7 мобильді қосымшасы
— Telegram-дағы @SaqtandyrýBot
— 1414 байланыс орталығы