Күз-қыс мезгілінде тұмау ауруының таралу қаупі артады. Осы кезеңде инфекцияның алдын алудың ең тиімді жолдарының бірі – тұмауға қарсы вакцина алу.
Тұмауға қарсы вакцина ағзада вирусқа қарсы иммунитет қалыптастырады. Ол тұмауды жұқтыру қаупін азайтып қана қоймай, ауру жұқтырған жағдайда оның жеңіл өтуіне, пневмония сияқты ауыр асқынулардың алдын алуға көмектеседі.
Тұмау вирусы жыл сайын өзгеріп отыратындықтан, вакцина құрамы да маусым сайын жаңартылады. Сондықтан екпені жыл сайын қайталап алу ұсынылады.
Вакцинаны кімдер алуы керек?
Тұмауға қарсы екпе әсіресе: – 65 жастан асқан азаматтарға; – жүкті әйелдерге; – 5 жасқа дейінгі балаларға; – созылмалы аурулары бар адамдарға; – иммунитеті әлсіреген азаматтарға; – медицина қызметкерлеріне ұсынылады.
Дегенмен вакцинация тек осы санаттармен шектелмейді. Денсаулығында қарсы көрсетілімдері жоқ өзге азаматтар да екпе ала алады.
Вакцина қалай әсер етеді?
Екпеден кейін ағзада тұмау вирусына қарсы қорғаныш антиденелері қалыптасады. Толық иммундық жауап әдетте 14 күн ішінде пайда болады. Сондықтан вакцинаны тұмау маусымы басталмай тұрып алған жөн.
Тұмауға қарсы қолданылатын белсенділігі жойылған вакциналар тұмау ауруын туындатпайды. Екпеден кейін ине салынған жердің қызаруы, аздап ауыруы, дене қызуының көтерілуі немесе әлсіздік байқалуы мүмкін. Бұл белгілер, әдетте, 1-2 күн ішінде басылады.
Вакцина құрамындағы компоненттерге ауыр аллергиялық реакциясы болған адамдарға екпе салу мәселесі жеке қарастырылады. Ал жедел ауру немесе дене қызуы көтерілген жағдайда вакцинация уақытша кейінге қалдырылуы мүмкін.
Есте сақтаңыз!
Тұмауға қарсы вакцина 100 пайыз кепілдік бермегенімен, аурудың ауыр өтуі мен қауіпті асқынулардың алдын алуда маңызды рөл атқарады.
Құрметті тұрғындар!
Өз денсаулығыңызға жауапкершілікпен қарап, тұмауға қарсы вакцина алыңыз. Вакцинациядан өту және қосымша ақпарат алу үшін тіркелген емханаңызға жүгініңіз.