Бала 18 жасқа толғаннан кейін сақтандырылған мәртебесін жоғалта ма?

💬 18 жасқа дейінгі балалар МӘМС жүйесінде мемлекет есебінен сақтандырылған. Сондықтан ата-аналарда бала кәмелет жасына толғаннан кейін оның сақтандыру мәртебесі сақтала ма деген сұрақ жиі туындайды.
Сақтандырылған мәртебесі келесі жағдайларда сақталады:
1. Егер бала 18 жасқа толса, бірақ оқуын күндізгі бөлімде (мектеп, колледж, жоғары оқу орны) жалғастырса, ол жеңілдік санатына жатады және мемлекет жарна төлеуді жалғастырады.
2. Егер мүгедектігі болса, жасына қарамастан, мемлекет жарналарды төлейді, себебі мүгедектігі бар адамдар жеңілдік санатына кіреді.
3. Егер 18 жастан кейін адам оқымаса және жұмыс істемесе, ол ресми түрде жұмыссыз ретінде тіркеле алады. Бұл жағдайда жарналарды жергілікті атқарушы орган төлейді.
Егер кәмелетке толған азамат ресми түрде жұмысқа орналасса немесе жеке кәсіпкер ретінде тіркелсе, ол жұмыс беруші есебінен немесе өз жарналары есебінен сақтандырылады.
Басқа жағдайларда сақтандырылған мәртебесін сақтау және МӘМС аясында медициналық көмек алу құқығына ие болу үшін, 18-ге толған азамат дербес төлеуші ретінде жарналарды өзі төлеуі қажет (2026 жылы – айына 4 250 теңге).

Мен жақында ресми жұмысқа орналастым. Енді МӘМС қашаннан бастап күшіне енеді?

Сақтандырылған мәртебесі қатарынан 12 ай (өткен немесе алдағы) үшін тұрақты төлем жасалған жағдайда беріледі.
Егер сіз бұған дейін ресми жұмыс істемесеңіз, жұмыссыз ретінде жеңілдік санатына кірмесеңіз және төлемді жеке төлеуші ретінде жасамаған болсаңыз, онда жұмысқа орналасқан күннен бастап бір жыл өткен соң сақтандыру мәртебесі беріледі.
Егер осы кезеңге дейін МӘМС бойынша медициналық көмек қажет болса, онда өткен 12 ай үшін төлем жасап, сақтандыру мәртебесін алуға болады.

Скринингтен кім және қашан өтуі керек?

Қазақстанның әрбір азаматы денсаулығына ешқандай шағымы болмаса да, профилактикалық тексерулер мен скринингтерден уақтылы өтіп отыруы тиіс.
Скринингтер тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру пакеттерінің шеңберінде тегін жүргізіледі. Айта кетейік, енді онкоскринингтер сақтандыру мәртебесіне қарамастан барлық азаматтарға қолжетімді.
Пациент скринингтен өз емханасында өте алады. Оған келесі жолдармен жазылады:
• емханаңыздың тіркеу бөлімінде,
• call-орталық арқылы,
• емханаңыздың мобильді қосымшасы немесе порталы арқылы.
Денсаулығыңызды қорғаңыз — скринингтен өтуді ұмытпаңыз!

Егер адам сақтандырылмаған болса, бірақ оған шұғыл медициналық көмек қажет болса не істеу керек?

Шұғыл медициналық көмек тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлеміне кіреді.
Ол үшін сақтандырылған мәртебеcі қажет емес.
Бұл қызметтерге жедел жәрдем шақыру, жарақаттар, соққылар, күйіктер, жедел жағдайлар кезінде медициналық көмек көрсету кіреді. Қажет болған жағдайда шұғыл операция да жасалуы мүмкін.
Ал МӘМС – жоспарлы түрде көрсетілетін медициналық қызметтер.

Табысы төмен және жұмыссыз азаматтар үшін МӘМС жарнасын әкімдіктер төлейді

2026 жылдан бастап МӘМС жүйесі жергілікті бюджеттер қаражаты есебінен дағдарысты және шұғыл әл-ауқат деңгейі (Д және Е санаттары) бар және ресми түрде тіркелген жұмыссыздар жергілікті әкімдіктер есебінен сақтандырылатын болады.
Бұл туралы «Әлеуметтік медициналық сақтандыру Қоры» КЕАҚ Жамбыл облысы бойынша филиалының Директоры Ғайни Аймағанбетова Jambyl телеарнасының «Ұлт саулығы» бағдарламасында айтты.
Жамбыл облысында Д және Е санатындағы азаматтар саны 69 мыңның шамасында болса, ресми жұмыссыздардың саны – 13 мыңнан астам адамды құрап отыр. Айта кетейік, республика бойынша 1 миллионға жуық адамды қосымша қамтитын болады.

ӘМСҚ өкілдері медицина ұйымдарымен өзекті мәселелерді талқылады

Жамбыл облысында «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ-ның ұйымдастыруымен Қормен келісімшарт жасасқан медицина ұйымдары басшыларының қатысуымен жиын өтті. Іс-шараға Қордың Жамбыл облысы бойынша филиалының директоры Ғайни Аймағанбетова, филиалдың құрылымдық бөлім басшылары, сондай-ақ өңірдегі медициналық ұйымдардың жетекшілері қатысты.
Басқосуда «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ-ның Жамбыл облысы бойынша филиалының директоры Ғайни Аймағанбетова кіріспе сөз сөйлеп, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің халық үшін маңыздылығына тоқталды. Сонымен қатар Қор мен медицина ұйымдары арасындағы тиімді әрі өзара сенімге негізделген әріптестіктің сапалы медициналық көмекті қамтамасыз етудегі шешуші рөлін атап өтті.
«Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің тиімді жұмыс істеуі Қор мен медициналық ұйымдардың ашық, жауапты және нәтижеге бағытталған өзара іс-қимылына тікелей байланысты. Басты мақсатымыз – халыққа көрсетілетін медициналық қызметтердің сапасы мен қолжетімділігін арттыру. Осы орайда келісімшарттық міндеттемелердің орындалуына, медициналық көмекті ұйымдастырудағы жүйелі мәселелерге және медицина ұйымдары тарапынан ұсынылатын бастамаларға ерекше назар аударылады. Бүгінгі кездесу – ортақ мәселелерді ашық талқылап, оларды бірлесіп шешуге мүмкіндік беретін маңызды диалог алаңы», – деді филиал директоры.
Кездесуде МӘМС-ке қатысты өзекті мәселелер жан-жақты қарастырылды. Атап айтқанда, халыққа көрсетілетін медициналық қызметтердің сапасы мен қолжетімділігін арттыру, медициналық көмекті ұйымдастыру тетіктерін жетілдіру, сондай-ақ Қормен жасалған келісімшарттық міндеттемелердің орындалуы күн тәртібіне қойылды.
Кері байланыс форматында өткен жиында қатысушылар өз ұсыныстары мен пікірлерін ортаға салып, өзара іс-қимылды нығайтуға бағытталған бірқатар бастамаларды ұсынды.
Айта кетейік, 2026 жылы Қордың Жамбыл облысы бойынша филиалы 108 медициналық мекемемен келісімшарт жасасқан. Оның ішінде 37-і мемлекеттік, 71-і жекеменшік медициналық ұйымдар.

МӘМС жүйесі мен жарналарды уақтылы төлеу мәселесі түсіндірілді

«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ-тың Жамбыл облысы бойынша филиалының «Халықты ақпараттандыру және өтініштерді қарау» бөлімінің басшысы Дәурен Бурханов міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесінің тиімділігін жан-жақты түсіндіру және МӘМС жарналарын дұрыс төлеу тәртібін түсіндіру “ҚТЖ-Жүк тасымалы” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің “Жамбыл” филиалы қызметкерлерімен, сондай-ақ Тараз қаласындағы мемлекеттік және жекеменшік мектептер мен балабақшалардың есепші-бухгалтерлерімен кездесу өткізді.
Кездесу барысында Дәурен Сәрсенбайұлы азаматтардың медициналық көмек алу тәртібі, сақтандырылған мәртебені сақтау және МӘМС жүйесіне қатысуға қатысты қойылған сұрақтарға жан-жақты жауап берді.
Сонымен қатар, МӘМС жарналарын уақтылы әрі ай сайын дұрыс аударудың маңыздылығына ерекше назар аударылды. Атап айтқанда, жарналар мен аударымдардың кешіктірілуі немесе қате төленуі азаматтың сақтандырылған мәртебесіне әсер етіп, медициналық қызметтерге қолжетімділікті уақытша шектеуі мүмкін екені түсіндірілді. Сондай-ақ, қызметкер ұзақ мерзімді еңбек демалысына шыққан жағдайда МӘМ жарнасы әр айға жеке-жеке төленуі тиіс екені түсіндірілді. Осыған байланысты жұмыс берушілер мен бухгалтерлерге төлемдерді белгіленген мерзімде және заңнама талаптарына сәйкес тұрақты түрде жүргізу қажеттігі атап өтілді.
Кездесу қорытындысында МӘМС жүйесінің жұмысшылардың денсаулығын қорғауға бағытталғаны және сапалы медициналық қызметтерге қолжетімділікті қамтамасыз етудегі рөлі ерекше екені айтылды.

МӘМС сөздігі: жеңілдік санатындағы азаматтар

Сіз кейбір азаматтар үшін МӘМС жарналарын мемлекет толық төлейтінін білесіз бе? Яғни сіз жұмыс істемесеңіз де және жарнаны өзіңіз төлемесеңіз де, медициналық көмекке қол жеткізе аласыз деген сөз.
Карусельде біз қысқаша түсіндірдік:
— жеңілдік санаттарына кімдер жатады;
— кімдер үшін жарнаны республикалық бюджет төлейді;
— кімдер үшін жергілікті бюджет төлейді;
— және неге Қор жеңілдік санаттарының тізімін өзі қалыптастырмайды.
Егер өзіңізді осы санаттардың бірінен тапсаңыз – демек, сіз МӘМС жүйесінде сақтандырылғансыз және медициналық қызметтерді тегін ала аласыз.
Слайдтарды парақтап, сақтап қойыңыз.

МӘМС жарнасын төлеуден қай азаматтар босатылады және олардың жарнасын кім төлейді

Әлеуметтік жағынан осал топқа кіретін 16 санаттағы азаматтар үшін МӘМС жарнасын мемлекет төлейді. Олар:
1. Балалар;
2. Жұмыс істемейтін жүкті әйелдер (соңғы екі айда олар үшін зейнетақы және әлеуметтік аударымдар төленбеген кезде);
3. Үш жасқа дейінгі баласының заңды өкілдерінің бірі – жұмыс істемейтін ата-ана;
4. Жүктілік және босану, жаңа туған баланы (балаларды) асырап алу, бала (балалар) үш жасқа толғанға дейін оған (оларға) күтім жасау бойынша демалыста жүрген тұлғалар;
5. Мүгедектігі бар балаға күтім жасайтын жұмыс істемейтін тұлғалар;
6. Бірінші топтағы мүгедектігі бар адамға күтім жасайтын жұмыс істемейтін тұлғалар;
7. Қазақстанның БЖЗҚ-нан зейнетақы төлемдерін алушылар, оның ішінде ҰОС ардагерлері;
8. Сот үкімі бойынша ҚАЖ мекемелерінде жазасын өтеп жатқан адамдар (ең төменгі қауіпсіздік мекемелерін қоспағанда);
9. Тергеу изоляторларында отырғандар, сондай-ақ қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылған жұмыс істемейтін тұлғалар;
10. Жұмыс істемейтін қандастар;
11. «Алтын алқа», «Күміс алқа» марапаттарын алған көп балалы аналар, бұрын «Батыр ана» атағын алғандар, сондай-ақ «Ана даңқы» І және ІІ дәрежелі ордендерімен наградталғандар;
12. Мүгедектігі бар адамдар;
13. Орта, техникалық және кәсіби, орта білімнен кейінгі, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында күндізгі бөлімде оқитын адамдар (күндізгі бөлім студенттері);
14. Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алатын жұмыс істемейтін тұлғалар.
15. Ресми түрде тіркелген жұмыссыздар (2026 жылдан бастап олардың жарнасын әкімдіктер төлейді);
16. 2026 жылы МӘМС жүйесі жергілікті бюджеттер қаражаты есебінен дағдарысты және шұғыл әл-ауқат деңгейі (Д және Е санаттары) бар және ресми түрде тіркелген жұмыссыздар жергілікті әкімдіктер есебінен сақтандырылатын болады. Республика бойынша 1 миллионға жуық адамды қосымша қамтитын болады.
Айта кетейік, Жамбыл облысында Д және Е санатындағы азаматтар саны 69 мыңның шамасында болса, ресми жұмыссыздардың саны — 13 мыңнан астам адамды құрап отыр.

Тараз қалалық көпбейінді ауруханасының нейрохирургы Еркебұлан Меркибеков МӘМС жүйесі жайлы пікір білдірді

Тараз қалалық көпбейінді ауруханасының нейрохирургы Еркебұлан Меркибеков МӘМС жүйесі жайлы пікір білдірді